Ақтөбе облысының әкімі жастармен жүздесті

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров студент жастармен жүздесті. Басқосуға оқу озаттары мен түрлі салада жетістікке жеткен жастар қатысты.  Облыс басшысы жастармен қоғамның дамуына негіз болатын жалпыға ортақ құндылықтарды талқылады.

Басқосуда есірткі мен құмар ойындар, буллинг, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты қоғамның кеселімен күрес мәселесі сөз болды. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған негізгі идеологиялық тұжырымдар белсенді жастар тарапынан қолдау тапқан. Түрлі студенттік бірлестіктер үшін де аталған өзекті сұрақтар күн тәртібінде.

Әлихан Әбілқайыр, студент:

- Облыстық деңгейде жастар ресурстық орталығында көптеген ұйымдарды білем. Осы ұйымдардың төңірегінде біраз жұмыс жасалып жатыр. Бұл қоғамдағы жастардың рөлін қалыптастырады. Бүгінгі жастар ертеңгі болашақтағы үлкен тұлғалар деп есептеймін, яғни олардың араларынан лидерлер шыға бастаса, қоғамды ойлайтын, қоғаммен жұмыс жасап көрген адамдар шыға бастаса, алдағы уақытта да олар белгілі бір қоғамға жақсы әсер ете алатын тұлғаларға айналады деп ойлаймын.

Облыс басшысымен жүздесуге келген студенттер көкейдегі сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Мәселен, өңірде бұған дейін «Жастар орталығы» болмаған. Жиналғандардың пайымынша, шығармашылықпен шұғылдануға жағдай жасалып, жас мамандар тәжірибе жинақтайтын кешен өңірге қажет-ақ.

Темірлан Алдажаров, Ақтөбе облысының студенттік омбудсмені:

- Жастардың уақытын тиімді пайдалану керек. Жастарда бос уақыт қалмау керек. Яғни, біз білеміз, жастарда бос уақыт болса, ол уақытын тиімсіз пайдаланады. Ал бізде орталық салынса, ол біздің жастарды бір ортаға жинап, бір жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ақтөбе облысы халқының 30%-і – жастар. Сондықтан өңірде оларды жұмыспен қамту мәселесі, ауыл жастарының проблемаларына аса көңіл бөлінеді. Бүгінгі кездесуде де жас мамандардың қоғамдағы орны талқыланып, болашаққа нақты жоспар құрылды.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.