Жекелей адамдардың қайырымдылық қор ашуына тыйым салынуы мүмкін
Бұдан былай жекелей адамдардың қор ашып, көпшіліктен ақша жинауына тыйым салынуы мүмкін. Сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде тек әкімдік бекіткен қайырымдылық қорлары ғана қаражат жинайды. Қайырымдылық туралы заңға осы сынды түзетулерді қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі қарастырып жатыр. Қорлар айналасындағы дау-дамайдан кейін министрлік арнайы жұмыс тобын құрған.
Қайырымдылық қорлары айналасындағы дау ушығып тұрғаны белгілі. Ерікті Перизат Қайраттың 1,5 миллиард теңге қаражатты жымқырғаны туралы ақпарат тіптен халықтың сеніміне селкеу түсірді. Не дегенмен жоқ-жітікке жиналған қаражаттың діттеген жеріне жетпеуі шынымен де бұған дейін көпшіліктің түсіне де кіріп шықпаған. Қоғам белсенділері қазірден жалпы елдегі қорлардың барлығын сүзгіден өткізу керек деген бастаманы көтеріп жатыр.
Айгүл Орынбек, заңгер:
- Өзіміздің мемлекетке тіркелген қорға салуды міндеттеу керек. Иә, бізде заң осал, осы заңды біздің мынау Қаржылық мониторинг бақылауға алуы керек. ҚР азаматтары кез келген қорға 1 теңге аударса да, 1 теңге аударасыз ғой сіз. Сол қордан есеп беруін сұрай аласыз. Не атқардыңыз осы уақытқа дейін және түсіп жатқан ақшаның көлемін.
Әділет министрлігінің мәліметінше, бүгінде бізде 1108 қор ресми түрде тіркелген екен. Ал тіркелмей заңсыз жұмыс істеп тұрғандарын ескерсек, олардың саны бірнеше есеге артуы мүмкін. Бізде негізі қайырымдылық қоры туралы заң бар. Бірақ оның орындалуына келгенде олақтық көп. Қолданыстағы құжатқа сәйкес бізде қорларға түскен қаражатты тексеруге ешқандай мемлекеттік органның құқығы жоқ. Бірақ Жоғары аудиторлық палата осы заңға өзгеріс енгізуді ұсынды.
Әлихан Смайылов, Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы:
- Жоғары аудиторлық палатаның қайырымдылық қорларын тексеруге құзыреті жоқ. Десе де Жоғары аудиторлық палатаға мемлекет қатысуымен құрылған бюджеттік емес қорларға аудит жүргізу құзіреті туралы норма енгізуді ұсындық. Яғни, мемлекет құрған немесе мемлекеттің қатысуымен немесе мемлекеттің белгілі бір функциялары берілген қорлар. Сол кезде бізде осындай бюджеттік емес қорларды тексеру мүмкіндігі болады.
Айтпақшы, осы тақырып аясында бізде сарапшылар зерттеу жүргізген. Жалпы тасқын кезінде бірінен соң бірі қаптаған қорларға бас-аяғы 8,5 миллиард тенге көлемінде қаражат жиналған екен. Бірақ, өкінішке қарай, әзірге оның сұрауы болмай тұр.
Дидар Смағұлов, тәуелсіз сарапшы:
- Су тасқыны болды, су тасқынынан кейін біздің ақпаратымыз бойынша әртүрлі қорлардан жиналған қаржы – 8,5 млрд теңге. Ол ненің көрсеткіші? Бірінші кезекте ол біздің халықта қайырымдылық деген ұғым бар екенін, өзінің жағдайы керемет болмаса да, асып-тасып жатпаса да, ол соңғы ақшамен бөлісіп, қайырымдылық жасайды. Екінші көрсеткіш, сұраныс болса, ұсыныс та болады. Әртүрлі қорлар шыға бастады. Кейбір қорлар сол су тасқыны кезінде ғана тіркелген. Кейбіреулер 1-2 ай бұрын тіркелген. Ешқандай тарихы жоқ.