Алматыда тағы бес мың бейнекамераға жасанды интеллект орнатылады
Осы жылдың соңына дейін Алматыда қоғамдық орындардағы, көшелердегі, ірі сауда, ойын-сауық орталықтарындағы тағы бес мың бейнекамераға жасанды интеллект енгізіледі. Бұл туралы қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Жаңа функция әзірге мегаполистегі екі мың камераға орнатылған. Жасанды сананың көмегімен іздеуде жүрген қылмыскерді, жоғалған азаматтардың бет-әлпетін анықтап, тануға болады. Жыл басынан бері бейнебақылаудың көмегімен Алматыда үш мыңға жуық қылмыстың беті ашылды.
Салтанат Әзірбек, Алматы қ. ПД ресми өкілі:
- Жаңа функция жыл соңына дейін тағы да бес мыңға жуық камераны қамтиды. Ал келесі жылы қаламыздағы барлық бейнежүйе осы функцияға қосылады. Бұл модернизациялау және цифрландыру жүйелерін енгізу аясында жүзеге асырылған.