ШҚО-да құтқарушылардың қыс мезгіліне дайындығы пысықталды

Шығыс Қазақстан облысында «Қыс-2024» оқу-жаттығуы аясында төтенше жағдайларды жою техникаларының дайындығы тексерілді, деп хабарлайды 24KZ. Тактикалық жаттығу барысында қар үйіндісіне кептеліп қалған жолаушылар автобусы шығарылды. Зардап шеккендерді эвакуациялауға жол талғамайтын көліктер қатысты. Сонымен қатар құтқарушылар жанып жатқан көлікті сөндіріп, балықшыларды аман алып қалды. Жол қызметтерінің дайындығы мен олардың жедел әрекет ету жоспары пысықталды.

Айта кету керек, тек биылдың өзінде Шығыста ауа райының күрт бұзылуына байланысты қала маңындағы күре жолдар 60 рет жабылды. Ескертуге қарамастан жолға шыққан 90 адам эвакуацияланды. Қарлы боранда 18 мәрте авариялық-құтқару операциясы жүргізілді.

Марина Лискова, ШҚО ТЖД баспасөз хатшысы:

- Бірер күн бұрын бізде қатты боран мен көктайғақ салдарынан дауылды ескерту жарияланды. Бірнеше ауданда мектептер қашықтан оқытуға көшті.  Осы жағдайларды ескере отырып, «Қыс-2024» жаттығулары бірнеше сценарий бойынша өтіп жатыр.