Биыл 28 қаржы пирамидасының әрекеті тоқтатылды
Жыл басынан бері 28 қаржы пирамидасының әрекеті тоқтатылды. 12 мыңға жуық сайт, әлеуметтік желілердегі 300-ге жуық чат пен аккаунттар бұғатталды. «Байқа-пирамида» телеграм арнасына азаматтардан 9 мыңнан астам сауал түсіп, өңделген. Бұл жайында Алматыда өткен Қаржылық мониторинг агенттігі Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында айтылды.
Жиында әлеуметтік маңызы бар тауар нарығында делдалдарды жою жұмыстарының нәтижелері де қаралды. Арнайы талдамалық жүйе өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына үстемені асыру фактілерін автоматты түрде анықтай бастады. Бұндай жағдайлар электрондық шот-фактуралардың деректеріне сүйене отырып белгілі болады. Биыл әкімдіктер жанындағы өңірлік комиссияларға осыған қатысты 650-ден астам материал жіберіліп, 350 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ҚМА қоғамдық кеңесінің төрағасы:
- Күн тәртібіне қойылған мәселе өңірдегі атқарылып жатқан Қаржы мониторингі агенттігі құзырына кіретін көлеңкелі экономикаға қатысты, пирамидаларға қатысты, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларының қойылып жатқан үстемесі мәселелері бойынша келелі мәселелер көтерілді. Жалпы экономикалық бағыттағы қылмыстарға қарсы күрес профилактикалық мәселелер бойынша тыңдалды.