Түркістанда аудан прокурорларының бірінші форумы өтті

Түркістан облысында жайылымдық жер, ағынсу тапшылығы, миграция, шекаралық қылмыс, адам құқығы және жасөспірімдердің арасындағы құқық бұзушылық мәселесі әлі де өзекті.

Осы және басқа да түйіткілдер Түркістанда өткен «Заң мен тәртіп - қауіпсіз қоғам кепілі» атты аудан прокурорларының 1-өңірлік форумында талқыға түсті. Бас прокуратураның бастамасымен алғаш рет ұйымдастырылған шараға Шымкент қаласы, Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарының аудан-қала прокурорлары қатысты. Былтыр прокурорлардың араласуымен Түркістан облысында 700 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. 7 қылмыстық іс қозғалып, бірнеше жауапты тұлға жауапкершілікке тартылған. Мамандардың айтуынша, биыл 200 мың адамның құқығы қорғалып, мемлекет кірісіне 900 млн теңге ақша, 501 млн теңгенің мүлкі қайтарылып, 528 млн теңге әкімшілік айыппұл өндірілген.

Дәулет Тлемисов, Сайрам ауданының прокуроры:

- Бізде 239 мың халық бар Сайрам ауданында. Оның ішінде 113 мың адам кәмелетке толмағандар. Оның ішінде лудомания мәселесі, құмар ойындар, қазір балалар мопедке көп қызығады. Оған права керек пе, керек емес пе деген дүниелер, сонымен қатар түнгі уақытта жүрген балаларға қатысты қандай жауапкершіліктер бар? Осы сұрақтарға тиісті мамандар жауап беріп жатыр.

Аида Ануар, ҚР Бас прокуратурасының кадрлық жұмыс департаментінің басшысы:

- Ауданда бір жерде су тапшы, бір жерде жасөспірімдердің қылмысы өршіп тұр. Әртүрлі әлеуметтік мәселе бар. Осының барлығына озық тәжірибелерімен бөлісті. Мектептегі жиналысқа ата-аналардың қатысуынан бастап, балаларды бірігіп тәрбиелеу, қандай жұмыстар атқару керек осындай мәселелер көтерілді. Кеше жарты күн психологтармен, жарты күн кәсіби журналистер қоғамды қандай өзекті мәселелер толғандырады сол туралы сабақтар өткізілді.