Ақтауда 50 адам қайтарымсыз грант ұтып алды
Биыл Ақтауда әлеуметтік осал топтағы 50 адам мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алды, деп хабарлайды 24KZ. 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі қаржы жалғыз және көпбалалы аналарға, мүгедек бала өсіріп отырғандар, атаулы көмек алатындар мен қандастарға берілді. Грант иелері тамақ және жеңіл өнеркәсіп саласында шағын өндіріс ашып, жаңа жұмыс орнын ұсынып жатыр.
Құралай Таумашова биыл қала әкімдігі ұйымдастырған тегін шеберлік курсын оқыды. Бизнес-жоспар жасап, сәтті қорғап шықты. Мемлекеттен берілген қаржыға тігін машиналарын алып, базар ішінен шағын шеберхана ашты. Қазір құрақ көрпе, ұлттық киім-кешек, бесік жабдығын дайындап, әлеуметтік желі арқылы сатуға шығарады. 38 жастағы әйелдің ерекше күтімдегі баласы бар.
Құралай Таумашова, қала тұрғыны:
- Аллаға шүкір, қыздарымды да емдетуге, оларды асырауға өзімнің табысымды тауып отырмын деп айтсам болады. Басты арманым – қазіргімді үлкейтіп, тағы бірнеше жұмысшы алу. Әзірге бір көмекшім бар. Өзім сияқты әсіресе жалғызбасты аналарға айтарым: Қорықпаңыздар. Осындай Үкіметтің беріп жатқан қайтарымсыз грантына қатысып, қолдарыңыздан не келсе, соны әрі қарай дамытуға көмектеседі.
Мамандар өз бетімен табыс табуға ниетті әлеуметтік осал топтағы адамдарды бағыттауға әзір. Қайтарымсыз грант түріндегі 1,5 млн теңгені алуға үміткер «Еңбек.kz» сайтына тіркелуі шарт. Сол жерде «Бастау-бизнес» бағдарламасын онлайн оқып, кәсіп ашу тетіктерін меңгереді. Содан кейін өз жобасын комиссия алдында таныстырады.
Ботагөз Қарамұрзаева, «Мансап» орталығы филиалының директоры:
- Ол адамның өзінің қорғауына байланысты. Қандай кәсіп ашады, өзі түсініп тұрса, ол кәсіпті қалай ашу керектігін, соны ақтап көрсетіп, баяндағанына байланысты болады. Сондай-ақ біздің Ақтау қалалық «Мансап» орталығының мамандарына келсе, көрсетіп үйретеді. Осы бағдарламаға кіресіз, осылай жазасыз, қате жері болса, грантқа қатыспай тұрып, бәрін түсіндіріп, көрсетіп айтады.
Грант ұтқандар әр тоқсан сайын есеп беруге міндетті. Сондай-ақ олардың жұмыс орнына орталық қызметкерлері барып, бақылау жүргізіп тұрады. Кәсібін дамытқысы келетіндерге әкімдік, кәсіпкерлер палатасы арқылы 5 млн теңгеге дейін қайтарымсыз қаражат алу жолдарын көрсетеді.
Айта кетсек, Ақтауда былтыр да әлеуметтік санаттағы 50 адам мемлекет қолдауына ие болды.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев.