Елімізде тері өңдеу саласы қайта жанданады

Елде тері илейтін 9 зауыт бар. Соның бірі Семей қаласында. Кәсіпорын жылына мың тонна тері өңдейді, деп хабарлайды 24kz.

«Мемлекеттен қолдау болса, өндіріс қарқынын одан әрі күшейтер едік» - дейді мамандар.

Жалпы еллде жылына ірі қара малдан 3,5 млн тері алынады. Бірақ оның 17%-і ғана өңделеді екен. Тақауда Мемлекет басшысы Моңғолияға барып, бірқатар келісім жасады. Соның бірі енді тараптар тері өңдеу саласын бірлесіп жандандырады.

Семейдегі тері өңдеу зауыты айына 700-800 тонна тері өңдеп, 30 мың тонна өнім алады. Бірақ теріні оңтүстік облыстардан әкеледі. Өйткені өңірде төрт-түлік талапқа сай сойылмайды екен. «Яғни, мал терісі өңдеуге жарамсыз», - дейді.

Нұрман Нүптекеев, Семей тері өңдеу зауыты директорының орынбасары:

- Теріні кесіп сойғанда пышақтың ізін қалдырып, қалай болса солай жаңағы тауар емес қоқыс ретінде қарайтын қалыптасқан бізде. Енді оларды да кінәлай алмайсың. «Бағасы жақсы болса, жақсылап сояр едік», - дейді. Одан кейін оны сақтау керек. Оны тұздамаса, ол сақталмайды. Тұз бағасы қымбат боған соң жаңағы союда осындай қателіктер жіберіліп жатыр.

Петр Лазарев 20 жылдан астам уақыт мал шаруашылығымен айналысады. Бүгінде 1300 ден астам сиыр ұстайды. «Сойылған малдың терісін қоқысқа шығарамыз»,- дейді. Айнала өлексе сасымас үшін тері төгілген жерді өртеп тұруға тура келеді. Мал терісі бұрын шаруалар үшін табыс көзі болса, қазір қосымша жүк болып тұр.

Петр Лазарев, шаруа қожалығының иесі:

- Біз көктемде мал сою цехын салуды жоспарлап отырмыз. Егер құрылыс сәтті аяқталса малды талапқа сай сойып, терісін де кәдеге жарата аламыз. Сапасы жақсырақ болады. Сол кезде сұраныс та артады деп ойлаймын.

Қазір өңірде 15 мал сою пункті мен 70 тен астам алаң жұмыс істейді. Бірақ қазір ондағы терінің барлығы қоқысқа кетіп жатыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Семейдегі Шақаман ауылының маңында ет комбинатының құрылысы басталған. Кәсіпорын 2026 жылға дейін қолданысқа беріледі.

Ербол Қуанышев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Тері өңдейтін зауыт істеп кетсе, ет комбинаты оған тері жеткізіп отырса, бұл үлкен жоба талай проблемаларды шешуші еді шаруа қожалықтардың. Өйткені баға жоқ болғаннан кейін көп жағдайда шаруалар теріні лақтырып жатыр.

Семейдегі тері өңдеу зауыты мамыр айында іске қосылды. Оған дейін 1 жылға жуық бос тұрған еді. Кәсіпорын иелерінің айтуынша, мемлекет тарапынан қолдау болса, зауыт айына 50 мың тоннаға дейін тері өңдей алады.

Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов