Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес: Қазақстан мен Ресей ортақ келісімге келді

Ресей отбасы құқығын қорғау және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласындағы заңнаманы жетілдіруде қазақстандық тәжірибені қабылдауға ниетті, деп хабарлайды 24kz.

Бұл туралы Мәскеуде өткен жиында Ресей Мемлекеттік думасының отбасын қорғау, әке мен ана, бала мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы Нина Останина мәлімдеді.

Жиында Қазақстан Бас прокуратурасының өкілдері, Парламент депутаттары және психологтар екі елдің отбасы-демографиялық саясатындағы мәселелерді талқыға салды.

Отырыста бірінші болып сөз алған Қазақстанның Ресейдегі елшісі Дәурен Абаев елімізде қабылданып  жатқан заңнамадағы өзгерістерге тоқталып, әйел құқығы, балалардың қауіпсіздігі мен отбасы институтының беріктігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты. Жалпы бұл Қазақстан-Ресей қауымдастығының отбасы саясаты аясындағы алғашқы дөңгелек үстелі. Ресей Парламентінің депутаты Нина Останина Қазақстанның Отбасы кодексіндегі кей нормалардың артықшылығына тоқталды.

Нина Останина, Ресей Мемлекеттік думасы отбасын қорғау, әке мен ана, бала мәселелері жөніндегі комитетінің төрағасы:

- Менің айтқым келгені, неке, отбасы, әке, ана және бала институтын нығайтуға негізделген дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қорғау, сақтау және ілгерілету. Өкінішке қарай, бізде мұндай заңнама жоқ. Міне, біз осы мәселені Әділет министрлігімен талқылап жатырмыз. Мен қазақстандық тәжірибеге сүйене отырып, Отбасылық кодекстің бірінші бабына өзгерістер енгізгім келеді.

Еліміздегі 20 млн тұрғынның 7 млн-ы18-дегі жеткіншіктер. Мәжіліс депутаты Никита Шаталов, олардың құқығы әркез басты назарда екенін айтты. Оның айтуы бойынша қазірде отбасыларды қолдау орталықтары көптеп ашылып жатыр. Кез келген Қазақстан азаматы орталық қызметіне жүгіне алады. Сондай-ақ кәмелет жасына толмағандарға арнайы көмек көрсету бағдарламалары жұмыс істейді. 

Никита Шаталов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бізде қылмыстық әрекеттер бойынша әкімшілік топтар кеңейіп келеді. Әлімжеттік, бопсалау, буллинг бойынша қолданылатын жаза күшейтілетін болады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы Жаңа заңда 16 жасқа дейінгі кәмелет жасына толмаған балаларды қоғамдық көліктен мәжбүрлеп шығарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Қос тарап өзара тәжірибе алмасып, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жөнінде ортақ жұмыстар атқаруға уағдаласты.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Дана Нұржан, Шахзод Гамиров