Қарасу ауылында әлі күнге орталық су жүйесі жоқ

Қарасу ауылын екі жыл бұрын құбыр тартыла бастаған, бірақ бұл жұмыста аяқсыз қалды, деп хабарлайды 24kz.

Үш мыңнан астам тұрғыны бар аудан орталығына ауызсу там-тұмдап жетіп тұр. Яғни, шектеулі. Мезгіл-мезгілімен беріледі. Жергілікті билік бұл мәселе алдағы жылы толық шешіледі деп отыр.

Аудан орталығы Қарасу ауылында ауызсу екі мезгіл түскі сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін, кешкі 17:00-ден 19.00-ге дейінгі аралықта беріледі. Сол кезде алып үлгірмесең, құр қалғаның.

Нұртан Ақшалов, Қарасу ауылының тұрғыны:

- Кейбір кезде судың жетпей де қалатын кезі уақыттары болды. Сосын жұмыспен кішкене анда-мында барғанда, үйге шаруашылықпен келесің, су бітіп қалады. Су болмай қалған жағдайда кейбір тұрғындар құдықтары бар. Алып келеді, сатып алады ғой. Машинамен алып келіп, водовозбен. Содан барып сұраймыз.

Қарасу ауылы бойынша ауызсу желісін тарту жұмыстарының 90%-і атқарылған. Алайда, мердігер бастаған ісін аяғына жеткізген жоқ. Аудандық әкімдік сотқа шағымданып, сот мердігерді жауапсыз деп таныды. Биыл қалған жұмыс бөлігін аяқтауға қайтадан бюджеттік тапсырыс беріліп, ол облыстық әкімдікте қолдау тапты.

Қайрат Оспанов, Қарасу ауданының әкімі:

- Бұл 2024-2025 жылдарға арналған жаңа жоба. Биыл мемлекеттік сатып алу байқауы өткізіліп, қажетті материалдар жеткізіледі. Келер жылы бар жұмыс ауқымы аяқталуы тиіс. Жоба бойынша Қарасу және іргедегі Восток ауылы толық орталықтандырылған су жүйесіне қосылады.

Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін барлық қазақстандықтарды таза ауызсумен қамтасыз етуді міндеттеген болатын. Ресми мәліметке сүйенсек, Қостанай облысы бойынша бүгіндікке ауылдардың 90%-і, қалалық елді мекендердің 99%-і сапалы ауызсумен қамтылған. Қалған бөлігіне келесі жылы жеткіземіз деп отыр.

Азамат Сабыржан, Энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

- Келесі жылға қалған 39 елді мекенді сумен жабдықтау жоспарланып отыр. Оған әлі республикалық бюджетте қаражат қаралып жатыр 15-пен 20 млрд аралығында. Әлі бекітілген жоқ, қазіргі кезде қаралуда.

Биыл өңірдегі 15 елді мекенге су құбыры тартылды. Олардағы жалпы тұрғын саны 11 мыңнан асады. Сонымен қатар 41 ауылда су тазартқыш құрылғылар орнатылды.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг