Қазақстанда адам өмірін сақтандыру көрсеткіші 2 есе өскен

Елімізде адам өмірін сақтандыру көрсеткіші 2 есе артып, активтері 1,5 триллион теңгеге жетті. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары мәлімдеді.

Мария Хаджиеваның айтуынша, бұл бағыттағы төлем сомасы соңғы 5 жылда 5 есе, атап айтқанда, 21 миллиардтан 91 миллиард теңгеге өскен. Ал төлемдердің негізгі үлесі қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру және өмірін ерікті сақтандыруға тиесілі.

Мария Хаджиева, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары:

- Қазір сақтандыру нарығында тұтынушыларға қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылым қалыптасты. Нарықта 25 сақтандыру ұйымы бар. Оның 15-і «жалпы сақтандыру», 10-ы «өмірді сақтандыру» бағытында қызмет етеді. Тағы 12-сі «сақтандыру брокері» қызметін жүзеге асырады.