Түркістан облысында өз кәсібін ашқан сотталушылар көбейіп келеді
Түркістан облысында пробациялық есепте тұрған жазасын өтеушілердің арасында шағын несие алып, өз кәсібін ашқандардың саны артып келеді, деп хабарлайды 24KZ. Бірі түзеу мекемесінде үйренген кәсібін жалғастырса, екіншісі бөдене бағып, жұмыртқасын өткізіп жатыр. Үшіншісі көлік жөндеу орынын ашып, отбасын асырап отыр. Қазір мемлекет тарапынан сотталған азаматтардың тірлігін түзеп, екі қолға бір күрек табуы үшін қандай мүмкіндіктер қарастырылған?
Түркістандық Марат Каюмов көпбалалы отбасы ретінде тіркеліп, 1,5 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізді. Бүгінде бөдене бағып, жұмыртқасын қаладағы дүкендер мен дәмханаларға тұрақты өткізіп, табыс тауып отыр.
Марат Каюмов, жазасын өтеуші:
- Ең бірінші қызығушылығымыз осы кәсіпті зерттеп, кәсіпке айналдырдық. Ең бастысы жем суына қарап, азанда екі мезгіл қарайсың. Көп күтімді қажет етпейді. Қазіргі таңда 30 теңгеден өткізіп жатырмыз жұмыртқасын. Кафелерге, дүкендерге. Күнде 500 жұмыртқадай шығады. 500 жұмыртқаны сатып, бала-шағамның несібесіне, жеміне соны сатып, жұмсап жатырмын.
Ал ішімдік ішіп, адам қаққан Шәкіржан Әбдіходжаев өзгелерді ондай қателік жасамауға шақырды. Кеш те болса қатесін түсінген ол кәсіптік білімін жетілдіріп, мемлекеттен 1 млн 476 мың теңге көлемінде грант ұтып алған. Көпбалалы әке оған көлік жөндеу орталығын ашыпты. Бүгінде көлік тізгіндеушілерге қызмет көрсетеді. Болашақта бизнесін дамытып, жұмысшылар алсам дейді. Ал өткен іске өкінгенмен, ештеңе өзгермейді. Тіршілік жалғасады.
Шәкіржан Әбдіходжаев, жазасын өтеуші:
- Ішпеген дұрыс қой кез келген жерде. Лажы болса ішті ма, көлікке жоламау керек. «Права пожизненно» кетті ол. «Права» жоқ, машина айдай алмайсың. Ары бері бір жерге барып қайтайық дейсің, бара алмайсың. Жалпы ішу дұрыс нәрсеге апармайды.
Сотталу соңғы үкім емес. Түрмеден кейін де тіршілік бар. Қазір мемлекет жазасын өтеп шыққандарға кәсіп бастауға түрлі мүмкіндіктер жасап отыр. Мамандардың айтуынша, пробациялық есепте тұрған азаматтардың қайтарымсыз грант алуына болады. Ал 3 млн теңгеге дейін берілетін қаражатты алу үшін «Бастау Бизнес» жобасы бойынша белгілі бір мамандық алып, бизнес жобасын дайындауы керек. Егер оны комиссия алдында қорғап шықса, тиісті қаражатқа қол жеткізеді.
Райхан Егембердиева, Түркістан қалалық Мансап орталығының директоры:
Сол жазасын өтеп шыққан азаматтың отбасы сол жеті санаттың ішіне кіруі керек. Әлеуметтік көмек алушы және мүгедектігі бар болуы керек немесе мүгедек баласы бар тәрбиелеп отырған отбасы болуы керек. Қандастар және көші-қон бойынша қатысты азаматтарға тиесілі болады бұл грант.
Қазір сотталған азаматтарға бірқатар қаржылық ұйымдар несие бере бастады. Немесе сол несие рәсімдеу арқылы техника алуына қолғабыс етеді. Мәселен, «ҚазАгроҚаржы» ұйымы ауыл шаруашылығы техникаларын 5%-пен 7 жылға лизингке береді. Егер техника отандық болса, онда 30%-ке дейін субсидияланады. Өтем кестесі тоқсан сайын. Негізгі қарыз жылына бір рет төленеді. «Ырыс» микроқаржы ұйымы да жазасын өтеушілерге ауыл шаруашылығымен айналысуға жеңілдетілген несие береді. Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасымен ауылда тұратын жазасын өтеушілер кәсібін дөңгелетіп, тірлігін түзете алады.
Мұхит Мыңбаев, «Ырыс» микроқаржы ұйымының басқарма төрағасы:
- 2,5%-пен несие беріп жатырмыз. Алты жылға дейін максималды мерзімі, проценттік ставкасы 2,5%-пен. Мал шаруашылығын дамытуға, егін шаруашылығын дамытуға, құс шаруашылығын дамытуға, балық шаруашылығы, өз кәсібін ашуға және де кооперативтерді жабдықтауға, техника алуға – осы алты бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Жазасын өтеп жатқан несие алушылардың жұбайлары толықтай несие алуға мүмкіндіктері бар.
Қадағалаушы орган өкілдерінің мәліметінше, Түркістан облысында 2 мыңға жуық сотталушы пробациялық есепте тұр. Жазасын өтеушілердің 800-і уақытша жұмысқа тұрса, тағы 400-ден астамы өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш.