«Талдықорған-Үшарал» газ құбырының құрылысы кестеден озып келеді
Жетісу облысында «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырын салу жоспарлы түрде жалғасып келеді. Бұл жұмысты «QazaqGaz» Ұлттық компаниясы атқарып жатыр. Ауқымды жоба мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкіметтің 2024 жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар жоспарына енген.
Талдықорғаннан Үшаралға дейінгі 300 шақырымның 100 километріне газ құбыры тартылды. Ауқымды жоба құрылысымен облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов пен «Интергаз Орталық Азия» АҚ бас директоры Манас Тасыбаев танысты. Екі ауысыммен қарқынды түрде жүргізіліп жатқан жұмысқа 130 адам мен 90 арнайы техника тартылған.
Меделхан Мырзаханов, «Интергаз Орталық Азия» АҚ «Алматы» филиалының бас инженері:
- Күрделі техникалар барлығы қамтамасыз етілген. Алдымызда АГРС газ тарату стансылары заказ берілген. Уақытылы олардың поставкасын келесі жылдың мамыр айында күтіп отырмыз. Осы қарқында жұмыстар жүре беретін болса, келесі жылдың желтоқсан айына дейін скл бітіруді жоспарлап отырмыз. Бұл белгіленген мерзімнен ерте бітіруге мүмкіндік береді.
«Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің тамыз айындағы іссапарында басталған. Ауқымды жоба аймақты газдандырудың екінші кезеңі боп саналады. Алғашқысы алдағы жылы аяқталуы керек.
Әсет Қанағатов, облыс әкімінің орынбасары:
- 2025 жылдың соңына дейін 126 елді мекенді газдандыруымыз керек. Қазір 50 ауылға табиғи газ тартылған. Биыл тағы 13 ауылды көгілдір отынға қосамыз. Аймақты газдандырудың алғашқы кезеңінде 400 мың адам табиғи газға қол жеткізеді.
«Талдықорған-Үшарал» газ құбырының құрылысы аяқталғанда Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарына көгілдір отын жеткізіледі. Осылайша, 124 мың адам өркениет игілігін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев.