Қызылорда облысында төрт мыңнан астам ауыл тұрғыны газға қол жеткізді
Қызылорда облысының Сырдария және Жалағаш аудандарының төрт мыңнан астам тұрғыны көгілдір отынға қол жеткізді. Газдандыру жобасы Мемлекет басшысының ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі тапсырмаларын орындау шеңберінде іске асты.
Сырдария ауданындағы Тоқмағамбетов пен Сейфулин ауылдары үшін ерекше күн. Кентішілік газ құбыры пайдалануға берілді. Жобаны іске асыруға миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың айтуынша, бұл бағытта жұмыс жалғаса береді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Өңірдің көгілдір отынмен қамтамасыз ету көрсеткіші қазіргі таңда 78%-ке жетті. Биыл өңіріміздің көгілдір отынмен қамтамасыз етуге 30 млрд үстінде қаражат бөлінді. 20-ға тарта елді мекеніміз көгілдір отынды тұтынуға қол жеткізді. Одан бөлек, 3 млрд 100 млн теңгеге жаңа жоба басталды. Ол Нағи Ілиясов ауылы, Шаған ауылдары да келесі жылы көгілдір отынмен қамтамасыз етілетін болады.
Көгілдір отын жеткен Жалағаш ауданындағы Ақсу мен Шәменов ауылдарының тұрғындары да қуаныштарын жасыра алмады.
Меруерт Мырзабекова, Ақсу ауылының тұрғыны:
- 36 жыл бойы пешке от жағып, күл алатынбыз, көмір тасып, көмір сатып алып. Қазіргі кезде енді газ жағып жатырмыз. Бұрын баллон сатып алатынбыз. Баллонмен тамақ істейтінбіз. Енді газ қосылып, ауылымызға жақсы болып қалды. Рақметімді айтамын.
Келесі жылы табиғи газға өңірдің тағы 10-нан астам ауылы қосылады. Ал тұрғын үй секторынан кейін ірі кәсіпорындар, әлеуметтік және шағын, орта бизнес нысандары да кезең-кезеңімен экологиялық отынға көшеді.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Райхан Тәжибаева, Нұржан Музарапшин, Айтмұхамбет Байдулдаев.