Шымкентте әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылды

Шымкентте әкімдік қызметкерлері жауапқа тартылып, айыппұл арқалады, деп хабарлайды 24KZ. Үш ауданның әкім орынбасарлары қоқыс төгетін орындардағы жағдайды қадағаламаған. Соның кесірінен 10-ға жуық заңсыз қоқыс алаңы пайда болған.Құқық қорғау органдары жүргізген тексеріс кезінде осындай олқылықтар анықталды.

Сонымен қатар биыл ғарыштық бақылау көмегімен 25 қоқыс алаңы табылды. Қазір оның бәрі жойылған. «Бұдан былай осындай заңбұзушылықтардың алдын алу үшін қоқыс алаңдарын бейнебақылау камераларымен жабдықтауға тура келеді», – дейді жауаптылар.

Ермахан Қозыбаев, қалалық Экология департаментінің басшысы:

- 2022-2023 жылдармен салыстырғанда азайып келе жатыр. 2022 жылы 40 нүкте анықталса, 2023 жылы 26 нүкте анықталды. 2024 жылы 25 нүкте анықталған. Қазіргі уақытта осы нүктелердің барлығы толық залалсыздандырылып, тазаланды.