Жамбыл облысында жасөспірімдер қылмысы 7,7%-ға азайды
Биыл Жамбыл облысында жасөспірімдер арасындағы қылмыс былтырға қарағанда 7,7%-ға төмендеді. Бұл туралы балаларды қорғауға арналған облыстық форумда айтылды. Прокурорлардың сөзінше, мамандар мұндай нәтижеге алдын алу жұмыстарының арқасында қол жеткізген.
Облыста жасөспірімдер қылмысының алдын алу үшін қала мен аудандарда арнайы комиссиялар құрылған. Олар 10 айда 450-ге жуық іс қарады. Соның нәтижесінде тәртібі нашар 122 баланы үйірмелермен қамтып, 350-ге жуығын мектепішілік есепке алды. Ал 600-ге жуық жасөспірім медициналық-әлеуметтік есепке қойылған.
Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:
- Қазіргі кезде кейбір ата-ана өз баласының әлсіздігін мектептен, ұстаздан көріп жатады. Ал мектептегілер, керісінше, ата-ананы сөгеді. Тәрбие сапалы болу үшін балаға мектептің, ата-ананың, қоғамның жан-жақты қамқорлығы қажет.
Құқықбұзушылықтың алдын алу үшін аймақта «Саған көмек» жобасы басталған. Соның нәтижесінде жыл басынан бері «Стоп буллинг» Telegram ботына оқушылардан 400-ден аса хабарлама келіп түсті. 135 қылмыстың жолы кесілді.
Жүсіп Берлібай, облыс прокурорының аға көмекшісі:
- Бүгінгі күні 165 мектепте 42 колледжде кездесулер ұйымдастырылды. Ол жерде 160 мыңға жуық балалар қатысты. Одан бөлек, мыңға жуық мұғалімдер және балалармен жұмыс істейтін тәлім-тәрбие беретін кісілер кездесулерде өз пікірлерін білдірді.
Ал «Бестерек» жобасы аясында өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Мекеме суицид-депрессия, лудомания, жыныстық ауытқулар бағыты бойынша жұмыс істеп, психологтарға әдістемелік көмек береді. Орталық осы күнге дейін екі ауданның оқушыларын зерделеп үлгерген.
Ришат Еркінұлы, облыстық Психологиялық қолдау орталығының басшысы:
- 18 баламен жеке жұмыс жасап, оның ішіндегі 8 баланы тәуекел қызыл топқа алып, қазіргі таңда орталықтың мамандары сол балалармен тиісті жеке жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл балалардың барлығы да – өз-өзіне қол жұмсау тәуекеліндегі балалар.
Қазір балаларға қатысты қылмыс бойынша заң нормасы қатаңдады. Ұрып-соғу дерегі әкімшіліктен қылмыстық құқықбұзушылыққа өзгерді. Ал мектептегі құқықбұзушылықты жасырған жағдайда әкімшілікке қатысты қылмыстық іс қозғалады. Сол себепті құқық қорғау органдары білім мекемесі мамандарын біріге жұмыс істеуге үндейді.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.