Қазақстанда ІТ-мамандарының қатары 12% артты

Биыл Қазақстанда IT-саласының қызметкерлері 12% көбейді.

Үкімет отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі осылай деді. Жаслан Мәдиевтің айтуынша, IT-компаниялардың саны 16%-ке артқан. Қазір осы салада 187 мың адам жұмыс істеп жатыр. Орташа жалақы 673 мың теңге шамасында. Мемлекет басшысының жас IT-мамандарды даярлау жөніндегі тапсырмасы негізінде Tech Orda бағдарламасы іске қосылды. Бүгінгі таңда жобаның түлектері 16 мыңға жетіп отыр.