Семейде бүтін бір ықшамаудан тұрғындары екі күннің бірінде сусыз отыр
Семейдегі Энергетик ықшамауданының тұрғындары екі күннің бірінде сусыз қалып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Құбырлар тозғандықтан жиі ақау шығады. Жұрт мәселені жергілікті әкімдікке талай мәрте жеткізген. Алайда оң нәтиже болмай тұр. Енді қыстың қақаған суығында халық: «Сусыз, жылусыз қаламыз ба?» - деп алаңдаулы.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Су мен жылу мәселесін көтеріп жүрген белсенді тұрғынның бірі – Гүлбану Хамитқызы. Энергетик ықшамауданында 2015 жылдан бері тұрады. Оның айтуынша, мұндағы үйлердің басым бөлігі 90-жылдардың соңында салынған. Жер астына көмілген құбырлары содан бері жаңартылмаған.
Гүлбану Хамитқызы, қала тұрғыны:
- Біз қанша тұрып жатырмыз, бір рет те бізде жақсы күн болған жоқ. Біресе су өшеді, біресе свет өшеді. Бәрі мұнда тұратын үлкен кісілер. Қыс түсті. Бәрі ашық жатыр. Мұны аяғына дейін істейтін сұраныс жоқ. Бастықтар айтады: «Передача акта не было», - деп. Зардап шегетін тек тұрғындар. Ешкімнің ештеңесі кетпейді.
Жақында өңір басшысы тұрғындармен жүздесіп, мәселе шешілетінін жеткізген. Сол кезде ескі құбырлардың иесіз еместігі анықталды. Олар құрылыс бөлімінің балансынан Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне берілуі тиіс еді. Бірақ қажетті құжаттар рәсімделмеген.
Қарлығаш Аманжолова, қала тұрғыны:
- Трубалардың жатқанын көріп тұрсыздар міне, далада жатыр. Бұл енді қатып жатқанда қалай істейді мұны, мен біле алмадым.
Қазір бұл аудандағы су құбырларын жаңарту үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп жатыр. Жоспар бойынша бұған 30 млн теңгеден астам қаржы жұмсалады.
Дулат Назарбаев, «Семей Су Арнасы» МКК аға инженері:
- Жұмыс әлі аяқталған жоқ. Ықшамауданда шамамен 1400 метр су құбырын жаңартамыз. Қазір бюджеттік өтінім әзірлеп жатырмыз. Сол бойынша жобалық-сметалық құжат әзірленіп тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміне жіберіледі. Содан кейін жұмысқа кірісеміз.
Абай облысындағы су желілері 3 мың шақырымнан асады. Оның жартысына жуығының тозығы жеткен. Жергілікті әкімдік өкілдері ауызсу тапшылығын кезең-кезеңмен шешуді жоспарлап отыр.
Құралай Дүйсенбаева, облыстық Энергетика және ТКШ басқармасы Сумен қамту және су бұру бөлімінің басшысы:
- Абай облысы бойынша 17-ден астам елді мекен бойынша реконструкциялауға жобалық-сметалық құжат әзірленіп қойды. Құрылыс істері басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылды. Жаңағы жобаларды 2025-2026 жылдары іске асыруға. Бұл айтып отырған 17 жоба нақты реконструкциялауға бағытталған жобалар.
Абай облысы бойынша 29 елді мекенде ауызсу тапшы. Халықты таза ауызсумен қамту үшін қазір 20 жоба іске асып жатыр. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 3 млрд 600 млн теңге қарастырылған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов