Атбасарлық шенеунік пен екі мердігер қаржы жымқырды деген күдікке ілікті

Атбасарлық шенеунік пен екі мердігер мемлекет қаржысын жымқырды деген күдікке ілікті.

Аудандық құрылыс бөлімінің бұрынғы басшысы мен мердігерлер су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға салынған баспана қаржысының 300 млн теңгесін қалтасына басты деп айыпталып отыр. Ал қомақты қаржы Үкімет резервінен бөлінген. Қазір екі күдікті қамауға алынса, біреуі үйқамақта отыр. Тергеу барысында олардан Алматы және Астана қалаларынан қылмыстық жолмен алынған коммерциялық жылжымайтын мүлік пен арнайы техника, банктық есепшоттарынан 50 миллионнан астам теңге табылды. Қазір тергеу жұмыстары аяқталды. Енді күдіктілердің мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Есімбек Қажығалиев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

- Тыйым салынған мүліктің бағаланған құндылығы 335 млн теңгеден асты. Прокурорлармен, аталған мүліктің бір бөлігі жалға беріліп, қылмыстық пайда түсірілгені анықталды. Сол себепті, бір күдіктінің әрекеті қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге мүлікті заңдастыру, яғни Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 218-бабы 3-бөлігі бойынша қосымша сараланды. Қазіргі уақытта, қылмыстық процесске қатысушылармен  қылмыстық іс материалдарымен танысу жүріп жатыр.