ШҚО-да қолайсыз метеожағдай сақталады
Еліміздің шығыс өңірінде қолайсыз метеорологиялық жағдай сақталады.
Өскеменде күн тымық. Салдарынан экологиялық ахуал күрделене түсті. «Қазгидромет» мамандары ауада күкіртті газдың қалыпты деңгейден жоғары екенін анықтаған. Осыған орай экологтар қаланың өндірістік аймағында бақылау шараларын күшейтті.
Өскеменде көк түтін. Көлік жүргізушілері күндіздің өзінде шам жағып жүруге мәжбүр. Тұрғындардың көбі бетперде тағып алады.
Блиц-сауалнама
- Бір аптадан бері бетпердемен жүрміз. Желсіз күні тыныс алу мүмкін емес.
- Таңертең тамақты жыбырлатып, тыныс алу қиындайды, жәй тұман емес, газ араласқан сияқты.
Өңірде қолайсыз метеорологиялық жағдайдың сақталуына орай экосақшылар күшейтілген жұмыс режиміне ауысты. Газоанализатор құралымен жарақтанған мобильді топтар өндірістік кәсіпорындардың санитарлық қорғау аймағында күн сайын бақылау жүргізеді. 20 қарашадан бері ауада хлордың қалыпты деңгейден 9 есе көп екені анықталған. Қазір мамандар қайтадан талдау жүргізіп жатыр.
Нәзігүл Тоқтарова, облыстық экология департаментінің зертхана меңгерушісі:
- Осыған дейін жасалған талдаулар ауада хлордың тым көптігін көрсетті. Қазіргі тексеру қорытындысы азот диоксиді қалыпты деңгейде екенін байқатты, дегенмен бақылау жалғаса береді. Күн сайын бірнеше рет талдау жұмыстары жүргізіледі.
Өндіріс орындары тымық күндері ауаға зиянды зат таралмауы үшін жұмыс жүктемесін азайтуға міндетті. Бүгінде жылу электр орталығындағы станцияның қуаты шамамен 40 пайызға, ал металлургия кешені 20 пайызға төмендетті.
Марина Стрельцова, Өскемен ЖЭО-ның бас экологы:
- Өндірісте экологиялық бақылау жиілігінің артуына байланысты температуралық кестеге сәйкес жұмыс атқарылып жатыр. Күн райы желсіз болуына байланысты кәсіпорын жүктемесі төмендеді. Талдаулар нәтижесі ауаның ластану көрсеткішінің 37 пайызға дейін азайғанын көрсетуде.
Ермек Көшербаев, облыс әкімі:
- Экология департаменті Өскемен қаласының цифрландыру басқармасымен бірлесе «Қазгидромет» жүйесін интеграциялауды қолға алуы қажет. Ауа құрамын тексеретін құралдар тағы да қажет болған жағдайда оларды алып, мамандар көрсеткен жерлерге орнатамыз.
Өңірде 64 кәсіпорынның қоршаған ортаға зиянды зат шығаратыны анықталды. Сол себепті әкімдік оларға экологиялық бақылауды күшейтті. Жылдың соңына дейін тараптар ауаға өндірістік қалдықтардың таралуын азайту бойынша меморандумға отырмақ. Қазірдің өзінде қолайсыз метеорологиялық жағдайға орай қала мектептері қашықтан оқыту кестесіне ауысып жатыр.
Талғат Исламұлы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин