Елімізде кибералаяқтық құрбандары көбейіп барады
Мәжіліс депутаты Асхат Рахымжанов: «Алаяқтар халыққа ауыр зардабын тигізіп отыр», деп дабыл қағып, Үкіметке депутаттық сауал жолдады.
Оның айтуынша, тек Қарағанды өңірі бойынша депутаттарға 290 зардап шеккен адам жүгініп, алаяқтар азаматтардың атына 1 млрд 618 млн 290 теңге несие алынғанын айтып шағымданған. Мәжіліс депутаты алаяқтық фактісі анықталған кезде де сот банктердің жағына шығып, жәбірленушілерді несиені қайтаруға міндеттейтінін айтады. Айлакерлер жеке деректерге оңай қол жеткізеді, сот банктерді қорғайды, құқық қорғау органдарының өкілдері азаматтардың талаптары мен өтініштерін елемейді.
«Сондықтан тек жазықсыз азаматтар ғана зардап шегіп отыр», - дейді. Бұл тұста бірқатар заңбұзушылықтар бар. Әуелі кез-келген байланыс операторы заңды түрде тіркелмеген нөмірден шалынған қоңырауды бұғаттауға міндетті. Алайда бұл да жұмыс істемей тұр. Полиция қызметкерлерінде кибералаяқтық істер санатын тергеу алгоритмі қажет.
Асхат Рахымжанов, ҚР парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Аумақтық полиция басқармасында ақпараттық қауіпсіздік мамандары жоқ. Маған: «Кибералаяқтық құрбанына айналдық», деп келген жәбірленушілердің телефондары ешқашан сараптамаға жіберілмеген. Оны ІІМ қызметкерлері жүргізуі керек. Сонымен қатар банктің қосымшаларын жүктеу кезінде барлық клиенттер автоматты түрде электронды қол қоюға келісім береді. Бұл да қорғалмаған. Сондықтан банктерден электронды қолтаңбалау құқығын алып тастау қажет.