Елдегі балалар құқығын қорғау мәселелері талқыланды
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев «Қазақстанда бала құқықтарын қорғау: даму жолындағы жетістіктер мен алдағы басымдықтар» атты конференцияға қатысты, деп хабарлайды 24kz.
Сенат пен ЮНИСЕФ бірлесіп ұйымдастырған іс-шара Қазақстанның Біріккен ұлттар ұйымының Бала құқықтары туралы конвенциясын бекіткеніне 30 жыл толуына арналды. Келелі жиында депутаттар, мемлекеттік органдардың, сараптамалық және ғылыми қоғамдастықтардың өкілдері бірлескен жұмыстың мақсат-міндеттерін белгілеп, бала құқықтарын қорғау жөніндегі бастамаларды одан әрі арттыруды көздейтін ұсынымдар әзірледі. Конвенция – Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ратификациялаған алғашқы халықаралық шарттардың бірі. Сондықтан ол балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау саласындағы ұлттық заңнаманы жетілдіру ісінде маңызды рөл атқарды.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Елімізде балаларды қорғауға Конституциямен кепілдік берілген. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғау, олардың жан-жақты дамуын қамтамасыз ету мәселелеріне үнемі баса мән беріп келе жатыр. Сондықтан бұл сала еліміз үшін әрдайым басты назарда. Алдағы уақытта біз ЮНИСЕФ-пен жан-жақты өзара іс-қимылымызды одан әрі арттыра түсуге дайынбыз. Осы уақытта нәтижелі еңбек етеміз.