Елімізде «Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» науқаны өтіп жатыр

«Зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн». Бұл Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен жыл сайын әлем елдерінде ұйымдастырылатын науқан. Осы күндері елімізде әйелдер мен балаларды қорғау және қылмыстың алдын алуға бағытталған 160-тан астам іс-шара өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Елордада Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен «БҰҰ-әйелдер» ұйымының қолдауымен «Әйелдер мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – тұрақты дамудың негізі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Жиында құқықтық мәдениетті арттыру, мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам институттары арасында ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ шара практикалық шешімдер әзірлеу үшін мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және халықаралық ұйымдардың күш-жігерін біріктіруге бағытталған.

Айман Омарова, ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, адвокат:

- Бұл жерде шаралар туралы айтамыз. Қандай проблемалар бар, қалай түзетуге болады, өзіміздің «One Stop Service» дейді. АҚШ-та сондай жоба болған, содан алған болатынбыз. Бір қадам, қазақша айтқанда. Сол жерде біз құқықтық және психологиялық көмекті тегін беріп жатырмыз. Халыққа керек жоба деп санаймыз. Бұл тек сексуалдық зорлық-зомбылық емес, басқа да проблемалар бар екен соның бәрін көріп жатырмыз. Қазіргі таңда соған қандай шаралар қолдану керек, сол туралы пікір бөлісеміз.

Мадина Жарбосынова, Қазақстандағы «БҰҰ-әйелдер» құрылымының аға кеңесшісі:

- Біз әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн атты жаһандық науқанды өткізіп жатырмыз. Науқан алғаш рет 1991 жылы басталып, содан бері Біріккен ұлттар ұйымының қолдауымен өткізіліп келеді. Ұйым осы өзекті мәселені адам құқығын өрескел бұзу қылмысы деп санайды. Себебі, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың түрлі формасы бар: ол – тұрмыстық, физикалық, жыныстық, психологиялық сипаттарда жасалуы мүмкін. Олар көбіне жария етілмейді, бірақ кең жайылып кеткеніне байланысты жалпыұлттық назарға алынып отыр.