Әскерге шақырылатын азаматтарды алдын ала курстан өткізу ұсынылды
Әскерге шақырылатын азаматтарды алдын ала бір айлық курстан өткізу қажет. Президент жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссия Қорғаныс министрлігіне осындай ұсыныс тастады, деп хабарлайды 24kz.
«Бұл сарбаздар арасындағы келеңсіздіктердің алдын алу мен адам құқығының сақталуына септігін тигізеді», - дейді мамандар. Биыл әскерге 40 мың жас шақырылған.
Айта кетейік, бүгін адам құқықтары жөніндегі комиссия отырысы өтіп, әскери қызметшілердің құқығын қорғау мәселесін талқылады. Қорғаныс министрлігі бүгінде әскердегі әлімжеттіктің алдын алу үшін бірқатар шара қабылдаған. Бейнебақылауды күшейтіп, «Пирамида», «Серіктес», «Жауынгерлік дос» жүйесін іске қосты. Талқылау барысында қатысушылар сарбаздардың мінез-құлқына бақылау жүргізу мен офицерлік құрамын неғұрлым мұқият іріктеу қажеттігін айтты.
Тастемір Әбішев, ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары:
- Әскерге жаңадан келген бала болсын, офицерлік құрам болсын, барлығының құқығы бірдей қорғалуы керек. Заңда да 34-бапта «Әркім Қазақстан Республикасы Конституциясының заңдарын, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын және қадір-қасиетін қорғауға міндетті» делінген. Бұл бәрімізге, Қорғаныс мин әскери адамдарына да қатысты. Тәрбие балабақшадан, мектеп, колледж, университеттерден басталады. Осында қызмет етіп жүрген әскери қызметкерлер де әр 3-5 жыл сайын біліктіліктерін көтеріп тұруы керек деп ойлаймыз.