Астана іргесіндегі ауыл азаматы қара суық күндері де бие байлап, қымыз баптап отыр
Қыста да қымыз үзілмейді. Астананың іргесіндегі Шұбар ауылындағы жұртшылық қара суық күндері де бие байлап, саумал сапырып отыр, деп хабарлайды 24kz.
Иә, қыста қымыз баптап ұстаудың бейнеті көп.
Әлішер Әли, тілші:
- Баянауылдық Батырбектің Астанаға ат басын тірегеніне көп болған жоқ. Елордаға енді келсе де, кәсібі кеңінен етек жайып келеді. 20 жылдан аса ат жалында жүрген азамат бүгінде бие байлап, күбі піседі.
Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:
- Пайдалы іс жасап жатырмыз деп ойлаймын. Біріншіден, емделіп жүрген кісілер бізден саумал ішеді. Әрбір 2 сағат сайын сауылады. Таңғы 8-ден бастап түнгі 12-ге дейін, кей кезде түнгі 2-ге дейін сұранысқа қарай. Қазіргі таңда 4-5 бие байлап отырмыз. Бірақ ауыстырып отырамыз. Дәл қазір күніне бір 20-25 литрдей сатып отырмыз. Бірақ кей кездері «40-50 литр керек», дейді. Ол кезде жинап береміз.
Сабадағы сары қымызға сұраныс мол. Сауым уақыты да ұзақ. Сол себепті кәсіп иесі бүгінде 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.
Дәурен Есмағанбетов, атбегі:
- Күніне 3 мезгіл тамағын береміз. Тамағы тоқ болса, сүт жақсы береді.
Батырбектің қорасында байлаулы биеден бөлек мініс аттар да ерттеулі. Олар жай жылқылар емес. Талай доданы жарып жүрген көкпар аттары мен дала дүбірінің алды болған бәйге тұлпарлары. «Қаланың у-шуынан шаршаған адамдар саумал ішіп ем алады, сәйгүлікке мініп демалады», - дейді.
Батырбек Қошқарбаев, кәсіпкер:
- Біз енді бие сауудан бөлек, аттарды жалға береміз. Бұл аттар жай бір малға мініп жүрген аттар емес. Бұлар Ұлы дала жорығына қатысып жүрген, бәйге ұтады деген аттар. Бұл енді кәсіптің екінші бір түрі бие сауудан пайда түсіп жатса, бұл аттарды жалға беру биелердің жем-шөбін ақтап тұрады.
Иә, қазбалай берсек, Батырбектің бойынан біраз қасиет табылады. Жыл сайын өтетін Ұлы дала жорығына да ат қосып, командаға жетекшілік етіп келеді. Көкпардан Павлодар облысының құрамасында ойнайтыны тағы бар. Бір сөзбен айтқанда, ата кәсіпті жалғастырып келе жатқан адал азамат.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев