Ғалымдар: Асылтұқымды жылқылардың үлесін 7% дейін арттыру қажет

Ақтөбе облысын соңғы жылдары ғалымдар қазақы қазанаттардың Отаны деп атап жүр. Оған себеп – мұнда тұлпардың Мұғалжар тұқымы өсіріліп, жергілікті мамандар Көшім жылқысының селекциясына үлес қосқан.

Сондықтан биыл өңірде Жылқы шаруашылығының ғылыми-зерттеу институты құрылды.

Әлібек Базарғалиев, Жылқы шаруашылығы, жем-шөп өңдеу ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы:

- Ата-бабаларымыздың мінген аттарын осы болашаққа, ұрпаққа көрсетеміз деген ғалымдар жұмыс жасайын деп жатыр. Мына спорт бағытында ұзақ, алысқа шабатын қазір араб жылқысы болса, осы араб жылқысымен қазір пара-пар тұрған біздің әлемдегі тек қана – Адай жылқысы. Адай жылқысын зерттеп, қазір сол Адай жылқысымен әлемді таныстырамыз.

Алыс жолда қазақтың сенімді серігіне айналған Адай жылқысына былтыр асылтұқымды мал мәртебесі берілді. Қазір ғылыми-селекциялық зерттеу жұмыстары жалғасып келеді. Мамандарды мазалап отырған басты мәселе – Қостанай тұқымының жайы болатын. Жойылу алдында тұрған тұлпардың бұл түрін қолдауға мемлекеттен қомақты қаржы бөлінді.

Аманғали Бердалин, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- 5 жылға 700 млн ақша Қостанай жылқысын дамуға бөлінді. Өздеріңіз білесіздер, қазір Қостанай жылқысында 250 бас шамасы жылқы қалды. Сондықтан оның әрі қарай жойылып кетпеуі үшін, оны әрі қарай дамыту үшін осы шараларды қабылдадық.

Қазір елімізде 4 млн-нан астам Қамбар ата төлі бар. Алайда олардың тек 1% жуығы ғана асылтұқымды. Ғылыми конференцияда бас қосқан ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласы мамандары асылтұқымды жылқы шаруашылығын дамытып, бес жыл ішінде сәйгүліктердің санын 7% дейін арттыруды көздейді.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов