Жетісу облысында көп балалы азамат мемлекет қолдауымен кәсіп ашты
Жетісу облысында шағын және орта бизнесті қолдауға биыл 14 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді.
Мемлекеттік көмек нәтижесінде 369 адам кәсіп ашып, өз ісін ілгерілетуге мүмкіндік алды. Солардың қатарында әлеуметтік санатқа жататын және пробациялық бақылауда тұрған азаматтар бар.
Бекзат Өтежанов 12 жыл бойы көлік жөндеу орталығын жалға алып жұмыс істеген. Үштөбе қаласының тұрғыны биыл өз кәсібін ашу үшін қайтарымсыз грант алуға өтініш берді. Оның автомобиль дөңгелектерін үрлеу, ауыстыру қызметіне қатысты жобасын комиссия мақұлдады. Сөйтіп, бес баланың әкесіне 400 АЕК көлемінде қаражат берілді.
Бекзат Өтежанов, жеке кәсіпкер:
- Аппарат 1,5 млн тұрады. Соны алдық. Бауырларым бар, ағайын туыс бар соның арқасында салдық қой. Пустой жер болды ғой.
Қаратал ауданында қайтарымсыз грант алуға 60 шақты адам өтініш білдірген. Арнайы құрылған комиссия әлеуметтік санатқа жататын отбасыларға басымдық беріп, 18 жобаға қаржылай қолдау көрсетті.
Айбек Оңғаров, Қаратал ауданы әкімінің орынбасары:
- 400 айлық есептің көрсеткіш көлемінде әрбір азамат алды. Ол 1млн 476 мың теңгені құрайды. Жалпы соммасы 25 млн 60 мың теңгенің көлемінде қолдау тапты. Бұл әртүрлі санаттағы азаматтар бар. Олар көбінесе пластикалық терезе шығару, пескаблок шығару, осындай шиномонтаж дөңгелек ауыстыру, мал шаруашылығы бойынша жұмысты бастап кетті.
Жалпы Жетісу облысында 60 мыңнан аса шағын және орта кәсіпкерлік нысаны бар. Онда 100 мыңнан аса адам еңбек етеді.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов