Павлодарда өрт сөндіру және құтқару спортынан қала чемпионаты өтті
Жеткіншектер түрлі тапсырмалар орындап, «Жас құтқарушы» атағын сарапқа салды, деп хабарлайды 24kz.
Аймақта алғаш рет ұйымдастырылған жарыс жеңімпаздары облыстық командаға қабылданады.
«Жас құтқарушы» атағын 132 оқушыдан жасақталған 22 команда сарапқа салды. Олардың көбі жарысқа алғаш рет келіп отыр. Дегенмен, арасында өрт сөндіру және құтқару спортымен тұрақты түрде шұғылданатындар да бар.
Даниил Черевко, жарысқа қатысушы:
- Біз бұл жарысқа бес-алты айдан бері күніне үш-төрт сағаттан дайындалдық. Жарыста қиын ештеңе жоқ. Бастысы – жылдам жүгіріп, тапсырманы орындау.
Тимур Хасанов, мұғалім:
- Оқушылардың бәрі бұл жарысқа үлкен дайындықпен келді. Сондықтан қала чемпионаты тартысты өтіп жатыр. Ең мықты команда жеңіске жетеді.
Мектепшілік іріктеуден іркілмей өтіп, қалалық чемпионатта бақ сынағандардың ішіндегі ең жасы – Арлан Қабжапаров. Тоғыз жастағы жеткіншек жарыста жақсы өнер көрсетті. Алтыншы сынып оқушысы қарсыластарынан басым түсіп, финалда өнер көрсетуді мақсат етеді.
Арлан Қабжапаров, жарысқа қатысушы:
- Біздің командамыз өте жақсы дайындалған. Сол үшін мен ойлаймын, жеңіске жетеміз деп. Бізге ол қиын емес деп ойлаймын. Өйткені біз өте жақсы дайындалдық.
Жарысқа қатысушылар арасынан спортқа бейімі барлары анықталып, үздіктері облыс құрамасына қабылданады. Олар жақын арада ел чемпионатында сынға түседі.
Дәмір Әбілқайыров, ТЖД жедел басқару орталығының бастығы:
- Қысқы чемпионат 2025 жылы қаңтар айында Астанада өтеді. Ал жазғысын тамызда Түркістан қабылдайды. Әлем чемпионаты да келер жылы жалауын желбіретеді деп жоспарланып отыр.
Оқушылар кедергілерді еңсеріп, 100 метрге жүгірді. Сатымен жоғарыға көтеріліп, өзге де тапсырмаларды орындады. «Мұндай жаттығу балаларды психологиялық тұрғыда шыңдап, қиындықты жеңуге, тосын жағдайда шұғыл шешім қабылдауға баулиды», - дейді ұйымдастырушылар.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Ербол Әбішев, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков