ШҚО-да білікті маман даярлауға ден қойылды
Шығыс Қазақстан облысындағы кәсіпорындарда білікті мамандарға сұраныс жоғары, деп хабарлайды 24kz.
Алдағы 5 жылда өңірге 13 мыңнан астам кадр қажет болады. Оны өтеу үшін облыста маман даярлаудың жаңа бағдарламасы әзірленген. Оның аясында жас мамандар мен жоғары оқу орнының түлектеріне қолдау көрсетілмек.
Қазір өңірде энергетиктер мен металлургтердің, сондай-ақ құрылысшылардың орташа жасы зейнет жасына жақындаған. Осыны ескерген жұмыспен қамту басқармасының сарапшылары алдағы 5 жылда маман тапшылығы күрделі мәселеге айналатынын айтады. Оның алдын алу үшін енді жас мамандар мен түлектерді жұмысқа орналастырудан басқа оларға материалдық қолдау көрсетіледі. Тиісті біліктілік деңгейіне жеткенге дейін жұмыс беруші мен әлеуметтік мемлекеттік бағдарлама арқылы жалақыны көтеру жоспарланып отыр.
Арайлым Есімбекова, облыстық еңбек ұтқырлығы орталығының басшысы:
- Қазір келісімшарттар жасап жатырмыз. Меморандумдарға қол қойып жатырмыз. Қазір жастар практикасына колледждің түлегі баратын болса, ол бізден субсидиясын алса және қосымша 1 жыл көлемінде сол мекемеде өзінің разрядтарын алып алуға және өзінің еңбек өтілінің 1 жылын алса, осы жоба біткеннен кейін жақсы жалақы мен тұрақты жұмысына қабылданатын болады.
Өңірде білім беру бағдарламаларына да өзгеріс еніп жатыр. Өскемендегі құрылыс колледжі 300 млн теңгеге қайта жабдықталды. Заманауи өндірістік құрал-жабдықтар алынды. «Бұл олардың дайын әрі тәжірибелі маман болуына мүмкіндік береді», - дейді колледж басшылығы.
Бауыржан Жұмабаев, Өскемен құрылыс колледжі директорының орынбасары:
- Практиканы өндірістерде өтеді. Бізбен 125 өндірістік мекеме келісімшарт дуалды жүзінде жасасқан. Сол дуалды технологияны біз дамытып жатырмыз.
Бүгінде облыстағы техникалық университетке болашақ энергетиктерді қабылдау көрсеткіші ұлғайған. Өскемен, Семей және Көкшетауда жылу электр орталықтары салынса, жас мамандарға жұмыс табылады. Қазірдің өзінде студенттер бір оқу күнін Өскемендегі жылу электр орталығында өткізеді. Тәлімгерлер оларды цехтарда жұмыс істеуге үйретеді.
Сәуле Рахметуллина, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры:
- Маман тапшылығы өңірде инфрақұрылымның құлдырауына әкеледі. Мысалы Екібастұзда, Риддерде болған оқыс оқиғалар саланы дамытып, білікті мамандарды даярлаудың маңызды екенін көрсетті.
Қазір жас мамандарды жұмысқа тарту үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Олардың дені жастарды қолдауға бағытталған. Осылайша, олардың қызығушылығын оятпақ.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин