«Қазпошта» Орталық Азияның логистика нарығындағы орнын күшейтпек

Елде цифрландыру бағыты сан-салада енгізіліп жатыр. Көштен пошта қызметі де қалыс қалмай келеді. Алдағы уақытта танысыңыздың пошта жолдамасын сенімхатсыз-ақ, СМС-пен келетін ПИН-код немесе QR-код арқылы алу жүйесі енгізіледі. Бүгін Мәжіліс «Пошта туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат пошта нарығын заман талабына сай жан-жақты дамытуға бағытталған. Қызметті жетілдіруде тағы қандай жаңашылдықтар ба?

Иә, пошта қызметі баяғыдан бері өз жұмысын атқарып келеді. Осы күнге дейін, әрине, барлығы жетілдірілді. Бірақ заман бір орында тұрмайды, ол үнемі алға жылжиды. Оның талабына сай бұл салада даму үстінде.

Жалпы былтыр «Қазпошта» 8,5 млн сәлемдеме жөнелткен. Алдыңғы жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өсім деңгейі 40%-ке жуықтайды. Поштаның электрондық сауда бағытында да маңыздылығы зор. Былтыр осы интернеттегі сауда көлемі 2,4 трлн теңгеге жеткен. 2022 жылғы статистикамен салыстырғанда 79%-ке жоғары болды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі танымал электрондық коммерция ойыншылары ауылдық жерлерге бармайды. Ал «Қазпошта» мұндай жеткізуді қамтамасыз етеді әрі ауыл тұрғындары үшін өз қызметін арнайы тарифпен ұсынады. Әлеуметтік маркетплейстегі онлайн есеп айырысулар пайызсыз жүргізіледі.

Ауыл демекші, «Қазпоштаның» 1800 ауылдық байланыс бөлімшесі бар. Олар сәлемдемелерді жөнелтуден бөлек, коммуналдық төлемдерді қабылдау, зейнетақы мен жәрдемақыларды төлеу, банк қызметтері, теміржол билеттерін сату сияқты функцияларды орындайды. Ауыл тұрғындары үшін бұл бөлімшелер пошта, банк және халыққа қызмет көрсету орталығының міндеттерін қатар атқарады. Барлық саласын жалпы алғанда биыл ұлттық оператор 87 млн қызмет көрсеткен екен. Демек әлеуметтік-экономикалық маңыздылығы жоғары. Сол себепті инфрақұрылымды дамыту мәселесі де өзекті.

Болат Бұқарбай, «Қазпошта» АҚ баспасөз хатшысы:

- «Қазпошта» «Даму»-мен бірлесіп, тұрғын үйлердің қасында немесе ауылды мекендерде сәлемдемені беру пунктін ашып жатыр. Яғни, осы жобаның арқасында кәсіпкерлер жаңа табыс көзін табады және клиенттерге де өте қолайлы болмақ. Яғни, бөлімше сіздің үйіңіздің жанында, дүкенде немесе шағын маркетте орналасады.

Бүгінгі таңда «Қазпоштада» 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2,5 мыңға жуық бөлімше бар және олардың көп бөлігі ауылдық мекендерде орналасқан.

Заңдағы тағы бір жаңашылдық ол сәлемдемелерді алуға қатысты. Яғни, алдағы уақытта танысыңыздың пошта жолдамасын СМС-пен келетін ПИН-код немесе QR-код арқылы алу жүйесі енгізіледі. Бұрын ол үшін міндетті түрде сенімхат керек болатын. Енді қағаз тасып жүрудің қажеттілігі болмайды.

Тағы айта кету керек, «Қазпошта» Орталық Азияда ірі логистикалық ойыншы болуды да көздеп отыр. Ұлттық оператор былтыр ТМД елдеріне транзиттік тасымалдау қызметтерін ұсына бастаған. Мәселен, қазір AliExpress және Alibaba платформаларымен 9 елге тауар жеткізу бойынша тікелей келісімшарт жасалды. Күн сайын 500 мыңға жуық сәлемдеме тасымалдау мүмкіндігі бар. Бұл бастама Орталық Азияның логистика нарығында «Қазпоштаның» орнын күшейтуге және халықаралық сауданың дамуына ықпал етуге бағытталған.