Шымкентте 300 орындық жаңа жатақхана салынады
Шымкентте ерекше күтімді қажет ететін балалар үшін 300 орындық жатақхана салынатын болды, деп хабарлайды 24KZ. Жаңа нысан орын тапшылығын жоюға мүмкіндік беріп, тәрбиеленушілердің сапалы білім алуын қамтамасыз етеді. Құрылыс жұмыстарына арнаулы мемлекеттік қордан 2,6 миллиардтан астам теңге бөлу жоспарланды.
Биыл мектеп-интернаттың жанынан кәсіптік білім беретін колледж ашылды. Жыл санап ерекше күтімді қажет ететін балалардың қатары көбейіп, барлығы 363 адам оқуға қабылданған. Алайда оларды жатын орынмен толық қамту қиындақ туғызған.
Бастапқыда оқу корпусы ретінде ашылған бұл нысан кейінірек балалардың жатақханасы етіп жабдықталды. Бірақ 1975 жылы салынған ескі ғимарат ерекше күтімдегі тәрбиеленушілердің қажеттілігіне толық жауап бере алмайды. Сондықтан типтік үлгідегі заманауи жатақхана салу мәселесі көтерілді.
Инклюзивті білім алатын балалардың жатақханасы да заман талабына сай болу керек. Қазір жаңа нысанның жер телімі айқындалып, жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленген. Интернат басшысының өтінішімен ұлдар мен қыздарға бөлек блоктар, медициналық кабинет, асхана және ойын бөлмелері қарастырылған. «Сондықтан жаңа нысан орын тапшылығын жойып, сапалы білім беруге мүмкіндік береді», – дейді мамандар.
Жадыра Таңатарова, Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжінің директоры:
- Алдында класс-кабинеттер болатын. Олардың біразын СЭС-тің рұқсатын алып, жатақхана бөлмелері етіп ауыстырдық. Ата-ананың өтініші негізінде 68 бала қатынайды. Қалған балалар осы жерде әрбір бөлмеде 10 баладан жатып, тәлім-тәрбие алып жатыр.
Жаңа жатақхананың құрылысы келесі жылға жоспарланды. Бұл жұмыстар арнаулы мемлекеттік қордан қаржыландырылып, жергілікті басқарма өкілдерімен қадағаланады. Мамандардың айтуынша, тендер талаптарын сай келетін мердігер таңдалса, барлығы 8 айдың ішінде құрылысы аяқталуға тиіс.
Айдын Нәшенов, қалалық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Құрылысының ауданы 8200 шаршы метр болады. Жер телімінің ауданы 3,5 гектар, қаржысының көлемі 2,6 млрд теңге. Ол заңсыз шетелге шығарылған активтердің есебінен қаржыландыру қарастырылған.
Елге қайтарылған заңсыз активтердің есебінен бұдан өзге де әлеуметтік жобалар қаржыландырылды. Шымкентте тағы үш бірдей білім ордасының құрылысы жүріп жатыр.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы.