Әскери-әуе күштері жаңа ұшақпен толықты
Елдің әскери-әуе күштері жаңа ұшақпен толықты, деп хабарлайды 24kz.
Бүгін Қазақстан армиясына арналған екі Airbus A400M ұшағының алғашқысы Алматы әуежайына қонды. Ұшақтың басты артықшылығы ауыр жүктерді 8000 шақырымдық қашықтыққа жылдам жеткізуінде.
Жаңа техниканы күтіп алуға қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Airbus Military еуропалық концернінің өкілдері, ардагерлер мен әскери қызметшілер қатысты. Қазақстан бұл техниканы игерген әлемдегі оныншы және Орталық Азиядағы үшінші мемлекет. Ауыр техника төтенше жағдай кезінде немесе гуманитарлық қызметке таптырмас көлік. 37 тонна жүкті әуеге көтеріп, 10 сағат тоқтаусыз ұша алады.
Начо Ломбо, сынақшы-ұшқыш:
- Бұл ұшақ әртүлі сертификаттан өткен, ыстық немесе аязда да тексерілді. Себебі Қазақстанның ауа райы құбылмалы, жазы ыстық, қысы суық болады. A400M ұшағына дұрыс техникалық қызмет көрсетілсе, талаптар ескерілсе ұзақ жыл қызмет етеді.
A400M ұшағы әскери техника мен сарбаздарды еліміздің барлық өңіріне немесе басқа мемлекеттерге ауа райына қарамастан жылдам жеткізе алады. Заманауи техниканы баптап, дұрыс қызмет көрсету үшін арнайы әуе базасы салынып жатыр. Біздің ұшқыштар мен техникалық қызмет көрсетуші мамандар Испанияның Севилья қаласындағы Аавиациялық даярлық орталығында білімін жетілдірген.
Дәурен қосанов, ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы:
- Біздің ұшқыштар мен инженерлік құрам арнайы оқудан өтті. Еліміздегі инфрақұрылым аталған ұшаққа толық техникалық қызмет көрсете алады. Біз қазір Алатау әуе базасында әскери-транспорттық хаб салып жатырмыз. Онда барлық мүмкіндік қарастырылады. A400M ұшағына сол әуе базада инженерлік қызмет көрсетіледі.
Еліміздің әуе күштері Airbus Military компаниясына жалпы 2 ұшаққа тапсырыс берген. Екінші ауыр техника 2026 жылдың соңында жеткізіледі.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Радик Жакупов