Rams Qazaqstan үйлері 9 балдық жер сілкінісіне тексерілді

Rams Qazaqstan құрылыс компаниясы салып жатқан Rams City тұрғын үй кешені 9 балдық жер сілкінісіне тексерілді, деп хабарлайды 24kz.

Ғимаратты Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты сынақтан өткізді.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Rams City тұрғын үй кешені Алматының Жандосов көшесінде салынып жатыр. Қаланың орталығында орналасқан 13 қабатты үйдің сапасы вибродинамикалық сынақпен дәлелденді. Шатырға орнатылған тербеуіш машина ғимаратты 9 балға дейін сілкіледі. Журналистер сегізінші қабаттағы пәтердің бірінде болды. Тербелістен жиһаздар орнынан қозғалып, теледидар мен ыдыстар құлады. Ал көпқабатты үй сынаққа шыдап берді.

Жасұлан Омаров, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының зертхана жетекшісі:

- Вибродинамикалық жылдамдық сегізінші қабатта 0,48 G-ге дейін жетті. Бұл 9 балдық жер сілкінісіне тең. Ал, 13 қабаттағы сілкініс қуаты 0,61 G-ге дейін жетті. Нақтырақ айтсақ, ең жоғарғы қабаттағы сілкініс қуаты 9 балдан асты. Бұл әлемде кеңінен пайдаланылатын ең тиімді сынақ жүйесі.

Алматы қаласы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқандықтан, көпқабатты үйлердің құрылымы берік болу керек. Бұл ең негізгі талап. Жаңа құрылыстардың сілкініске төзімділігін тексеру екі айға созылады екен. Вибродинамикалық машина орнатылғаннан кейін нысан 2-3 балдық дірілден бастап 9 баллға дейін тексеріледі.

Еркін Байбатыров, Rams Qazaqstan компаниясы директорының орынбасары:

- Алматы қаласында 30-дан астам проектіміз іске асырылды. 4 млн шаршы метрден астам үйлер эксплуатацияға енгізілді. Қазіргі таңда Алматыда, Атырау қаласында және де халықаралық жобаларымыз да бар.

Rams City тұрғын үй кешені келесі жылы пайдалануға беріледі. 1997 жылы құрылған Rams Qazaqstan компаниясы бүгінге дейін елімізде 60-тан аса жобаны іске асырды. Құрылыс компаниясы комфорт, бизнес және премиум санаттағы жоғары сапалы үйлер салады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев