Қостанай облысының елді мекендерін ауызсумен қамту көрсеткіші 90%-ға жетті

Қостанай облысында ауылдық мекендерді сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 90%-ға жетті, деп хабарлайды 24kz.

Келер жылы бұл мәселе толық шешімін таппақ. Өңірдегі жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге де биыл ерекше көңіл бөлінді.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Бұл – Әулиекөл ауданындағы Диев ауылының атағы алысқа мәшһүр балалар би ансамблі. Күні кеше ғана олар Астанада өткен «Жарық жұлдыз» байқауының гран-приін иеленіп қайтты. Осы ансамбльге жетекшілік ететін хореограф Рабиға Ахмилова елу жылға жуық ауыл балаларын өнерге баулып жүр.

Рабиға Ахмилова, хореограф:

- Туған ауылым Диев тұрғындары маған би үшін жаратылғандай көрінеді. Осы саналы ғұмырымда тәрбиелеген шәкірттерім әлемнің түкпір-түкпірінде жүр. Өнер жолында белгілі бір жетістіктерге жеткендері де бар.

Осындайда ауыл шынымен салт-дәстүр мен мәдениеттің сарқылмас мұрасы екендігін мойындайсың. Жалпы Диев ауылы жергілікті шаруашылықтың арқасында анау айтқандай ыдырап, қожыраған жоқ. Қазірде мыңнан астам тұрғыны бар. Мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория, мектеп қалыпты жұмыс істеп тұр. Былтыр біраз үйге су енгізілген. Биыл елді мекенге газ құбыры тартылды.

Айнұр Қойбағарова, Диев ауылының тұрғыны:

- Үй жағдайында қала сияқты, душевой, раковина, унитаз, автомат дегендей қазір барлығы бар. Тек қана газ келсе, керемет болатын еді.

Тұрғындармен тілдескенімізде ауыл болашығынан үміттері зор екендігін байқадық. Соңғы жылдарда игі өзгерістер көп, - дейді олар.

Әсел Мақанаева, Диев ауылының тұрғыны:

- Керемет өзгерістер болып жатыр. Мысалы былтырғы жылы екі көшеге асфальт салынса, биыл төрт көшеге асфальт салынып, жолдардың сапасы өте керемет жақсарып жатыр. Және биылғы жылдан бастап газдандыру жұмыстары басталды. Бұл - біз үшін, ауылдың тұрғындары үшін көптен күткен жоба.

Жергілікті серіктестік есебінен былтыр Диевте жаңа үш үй салынған. Келер жылы тағы үш үйдің құрылысы басталмақ. Бірақ бірінші кезектегі жоспарланған міндет – ауылды толық көгілдір отынмен қамту.

Мейрамхан Досмурзин, Диев ауылдық округінің әкімі:

- Ауылдағы үйлердің 60%-ына су кіріп тұр. Газға келсек, оны биыл бастадық. Газдың құбырының 70%-ын дайындап қойдық. Келесі жылы тамыз айында газды қосамыз деген жоспарымыз бар.

Келесі бағытымыз – шалғайдағы Көктал ауылы. Күре жолдан 34 шақырым жырақта жатқан елді мекенге жету біраз қиындық тудырды. Сонау кеңес дәуірінен жөндеу көрмеген көтерме жолдың әбден тозығы жеткен. Тек биыл ғана ауылдан шығар 11 шақырым бөлігіне асфальт төселіп, тегістелген.

Абдолла Әміржанов, Көктал ауылының тұрғыны:

- Балшық қой, сары балшық. Езіле береді, езіле береді. Бірсыпыра машақат көрдік. Мынау жолымыз биыл салынып басталды. 11 шақырым салды. Қандай жақсы. Енді келесі жылы қалғанын бітіреді деп отырмыз.

Көктал – кезіндегі совхоз бөлімшесі. Бір қызығы, айрандай ұйып отырған шағын қазақы ауылдың дені - жастар. Ауыл әкімінің айтуынша, тұрғындардың орташа жасы 40-45 аралығында. Оқуын бітіріп, туған жеріне оралып жатқан жастар біраз екен. Солардың бірі – Айжан Ислямова. Медициналық колледжді тәмамдаған жас маманға жан-жақтан ұсыныстар болса да, өз ауылына оралғанды жөн көрген.

Айжан Ислямова, медбике:

- Ұсыныстар болды, әрине, Қостанай облыстық ауруханасында бір жыл жұмыс істедім. Содан кейін осы жаққа келіп отырмын. Өзімнің ауылыма жақын, ыстық болғаннан кейін ауылыма қайтадан оралғым келді.

Жергілікті халықтың айтуынша, ауылдың әлеуметтік жағдайы жылдан-жылға түзеліп келеді.

Марат Таипов, Көктал ауылының әкімі:

- Енді былай қарап тұрсаң, жолымыз 34 шақырым, 11 шақырым салынды. 2017 жылы жаңа мектеп салынды. Мінекей, медициналық пунктіміз аяқталуда. Енді осы ауызсу, сосын мынау көшенің жолдары. Ол да қазіргі таңда сметасы жасалып, сараптамадан өтіп жатыр. Келесі жылға жоспарлап отырмыз.

Жол демекші, биыл облыста жергілікті маңыздағы жолдарды жөндеуге айрықша көңіл бөлінді. Салыстырмалы түрде айтсақ,

2022 жылы ауыл жолдарын қалпына келтіруге 13,2 млрд тенге бөлінсе, биыл бұл мақсатқа қаралған қаржы 36,6 млрд теңге, 2,8 есе көп. Соның есебінен жөнделген жол көлемі де 5 есеге артқан.

Ауылдарды сапалы ауызсумен қамту мәселесі басқа өңірлерге қарағанда Қостанай облысында өзекті. Қазіргі кезде тіршілік нәріне зәру 34 елді мекен қалып отыр. Облыс басшылары келер жылы олардың барлығына ауызсу жеткізіледі деп сендірді. Енді ресми мәліметке сүйенсек, соңғы бір-екі жылда 55 мың үй орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Ауыл тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші 90%-ға жетіпті.

Облыс тұрғындары үшін тағы бір қуанышты хабар, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысынан Қостанайға магистралды газ құбыры тартылатын болды. Құны 500 млрд теңгелік бұл жоба жүзеге асқанда облыс аумағын толық көгілдір отынмен қамту мүмкіндігі туады.

Берік Таңжарықов, облыс әкімінің орынбасары:

- Соған қоса, келесі жылға байланысты құны 30 млрд тұратын құжаттамамыз дайындалуда. Оны келесі жылдан бастап Меңдіқара ауданына газ тарту жұмыстарын бастауды жоспарлап отырмыз. Оның негізінде келесі шекте бұл магистралды газопровод арқылы Ұзынкөл, Сарыкөл, Алтынсарин аудандарын газбен қамтасыз етуге болады.

Ауылдық мекендердегі тұрғын үй құрылысы жағынан Қостанай облысына тең келетіндер сирек. Жыл сайын ауылдарда 700-ге жуық жаңа баспана салынады. Бұған қоса, Президенттің тапсырмасы бойынша кезекте тұрғандарға және әлеуметтік жағынан осал топтарға пәтер сатып алуға 20 млрд тенгеден астам қаржы бөлінген. 

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг