Биыл Орал қаласын жарықтандыруға ₸1 млрд жуық қаржы бөлінді

Орал қаласын жарықтандыруға биыл 1 млрд теңгеге жуық қаржы қаралды, деп хабарлайды 24kz.

Қазір коммуналдық мекемелер 4 көшеге жарық бағандарын орнатып, шамдарды жалғап жатыр. Самаладай жарқыраған түнгі қалада қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету де жеңіл болмақ. Дегенмен облыс орталығында әлі 117 шақырым көше қараңғылық құшағында.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Солтүстік-шығыс шағынауданындағы №20 көпқабатты мына үй 2010 жылы салыныпты. Бірақ 14 жылдан бері жарықтандыру жайы ескерілмей келген. Биыл тұрғындар тағы да бірігіп қол жинап, электронды үкімет порталына өтініш түсіріпті. Содан кейін ғана билік басындағылар бұл мәселеге көңіл аударған. Қазір жарықдиодты шамдар жарқырап тұр.

Марат Қызылбасов, қала тұрғыны:

- Көшіп келгеніме көп болған жоқ. Қараймын, айнала тас қараңғы. Балалар сабақтан қайтқанда да, көлікпен жүргенде де қауіпті. Сосын көршілердің басын қосып, әкімдікке шағым жаздық. Рахмет көп-көп арызымызды аяқсыз қалдырмағанына!

Лиза Рысмағамбетова, қала тұрғыны:

- ПИК-ке де жаздық, әкімдікке де жаздық. Ешқандай қорытынды болған жоқ. Машинаның дөңгелектерін ұрлап кеткен де жағдай болды, пәтерге ұры да түсті. Сондай жағдай көп болды. Қазір жақсы! Жарық қойды. Балалар сабақтан келеді қорықпай. Ата-аналар қарсы алмаймыз. Балалар өздері келеді үйге. Бұрын мектептен әкеліп жүрдік қой.

Биыл Оралда 4 көшеге жарық шамдарын орнатқан. Сонымен қатар Орал – Саратов трассасының Зашаған кентіндегі бөлігі, Меловые горки ауданындағы жаңа көпірге барар жолға да жарық тартылған. Бұл мақсатқа бюджеттен 1 млрд теңге жұмсалыпты.

Ғаділ Қыстаубаев, қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы:

- Жұмыстар қазіргі таңда әлі жалғасуда. Өтініштер түсуде тұрғындардың атынан. Соларды қарап, сол халықпен кездесіп, ПИК бар, мүлік иелерінің бірлестігі бар, өздері хат жазып, «Е-өтініш» арқылы жағдайды қараймыз қалай екенін. Рұқсаттарын аламыз. Ертең қойғанда біреудің терезесіне түсіп тұрмауға. Сосын рұқсат алғасын қойып тастаймыз.

Бүгінде Оралда жалпы ұзындығы 222 шақырымдай көшеге жарық тартылған. Бірақ әлі 147 шақырым көше қараңғылық құшағында. «Сондықтан алда атқарылар жұмыс жетерлік», - дейді мамандар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Е.Меңдіғалиев, Э.Аюпов