Көші-қон заңнамасын бұзған 90 мыңға жуық шетелдік жауапқа тартылды
Биыл елде көші-қон заңнамасын бұзған 90 мыңға жуық шетелдік әкімшілік жауапқа тартылды.
Заңға бағынбаған 12 мыңдай адам шекарадан шығарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады. Мигранттардың дені ірі қалаларда жұмыс істеуге келген.
Қазан айының өзінде Жамбыл облысында көші-қон заңнамасын бұзған 280 адам анықталды. Олар аймақта мал бағып, дәмханалар мен құрылыс нысандарында жұмыс істеген. Алайда бірінің рұқсат қағазы болмаса, енді бірі төлқұжатын жоғалтқан. Ұсталғандардың барлығы әкімшілік жауапқа тартылды. 150 шетелдік елден шығарылды.
Арман Тұрдәлиев, облыстық ПД Көші-қон қызметі басқармасының басшысы:
- Аталған шетелдіктерге қатысты сот шығарып жіберу туралы шешім қабылдады. Енді оларға 5 жылға кіру жабылды. Ал жұмыс берушілерге қатысты 700 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Жыл басынан бері елге 14 млн астам шетелдік келген. Соның дені өз елдеріне қайтты. Дегенмен, көші-қон тәртібін бұзу деректері тыйылмай тұр. Полицейлердің мәліметінше, биылғы 11 айда 90 мыңға жуық адам жауапқа тартылған. Заң бұзушылықтар Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан облыстарында тіркелген.
Алтынбек Масақбаев, ҚР ІІМ Көші-қон қызметі комитетінің аға инспекторы:
- Шақырту тарап, жұмыс беруші тарап, өзіміздің елдің азаматтары уақтылы хабарлама бермейді. Уақытша тұру қағаздарын рәсімдемейді. Көбінесе сол құрылыс, қоғамдық тамақтану орындары, автокөлік жуу, автокөлік жөндеу орталықтарында.
Заң бойынша елге визасыз келуге құқығы бар шетелдіктер 30-90 күн аралығында тұрақтай ала алады. Уақытша тұруға рұқсаты болса, бұл мерзім ұзартылуы мүмкін. Келеңсіздікке тап болмас үшін мигранттарды еңбекпен қамтыған жұмыс берушілер полицияға уақтылы хабар беруі тиіс.
Еркебұлан Смадияров