Қарағандыда ірі көлемде есірткі сатқандар ұсталды
Қарағандыда ірі көлемде есірткі сатумен айналысқан 2 күдікті жедел іздестіру кезінде ұсталды, деп хабарлайды 24KZ. Тергеу барысында заңсыз айналымнан 8 келіге жуық есірткіге ұқсас зат тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес оның гашиш екені белгілі болды. 41 және 53 жастағы күдіктілердің үстінен Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-ші тармағына сәйкес іс қозғалды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Жыл басынан бері өңірде есірткі заттарын тарату және граффити суреттер арқылы жарнамалаудың бес дерегі анықталып, ұсталғандар жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ ірі көлемде есірткі дайындаған зертхана жойылып, 1 тоннадан астам прекурсорлар және 10 келіден астам дайын есірткі заты тәркіленген.
Бақытжан Құдияров, облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы:
- Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Олар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция есірткі заттарын сату ауыр қылмыс санатына жататынын және ол үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылып, 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделгенін еске салады.