Шымкентте 10 мыңнан астам абонент көгілдір отынмен қамтылды
Шымкентте үш шағынаудан мен бір өндірістік аймаққа табиғи газ жеткізілді. Тассай, Еламан және Қайнар бұлақ халқы мен «Тассай» индустриялық аймағы көгілдір отынмен қамтылып, барлығы 10 мыңнан астам абонент өркениет игілігіне қол жеткізді. Тұтынушылардың қуанышына «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы мен қала әкімі куә болып, газға қосу рәсіміне қатысты.
Тассай, Еламан және Қайнарбұлақ тұрғындары көмір жағып, күл шығару машақатынан құтылды. Енді көше бойындағы газ желісіне қосылған тұтынушылар табиғи таза отынның игілігін көреді. Қала іргесіндегі тұрғын алаптарды газдандыру жобасы былтыр басталған.
Гүлнар Тұрсынова, қала тұрғыны:
- Газ келіп, тірлігіміз жеңілдеді. Шаң-тозаңнан кішкене болса да құтылдық. Таза, табиғи. Әрине, қуанып жатырмыз. Бұл елдің қамы ғой.
Сондай-ақ Тассай өндірістік аймағында 31 кәсіпорын газдандырылды. «Жүздеген адам жұмыспен қамтылған индустриялық кешенге көгілдір отынның жеткізілуі экологиялық ахуалға оң әсер етеді», – дейді мамандар. Жалпы биыл 12 шағынауданның 25 мыңнан астам абоненті табиғи газға қосылады.
Ризабек Меңдіқұлов, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы:
- Жылдың соңына дейін Қайтпас-1, Бозарық-1, Ынтымақ-2 кезең-кезеңімен газды қосып жатырмыз. 2026 жылға дейін көрсеткішті 100% көтереміз.
Биыл қала аумағындағы құрылыстар аяқталса газдандыру көрсеткіші 97,4%-ке жетеді. Сондай-ақ «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Президент тапсырмасымен ел аумағында 73 елді мекенде құрылыс жүріп, көгілдір отын тарту жұмыстары қызғанын атап өтті.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- 9 өңірде, 54 елді мекенде газ жүргіздік. Ол шамамен 85 мың жаңа абонент. Осы жылдың соңына дейін тағы да 19 елді мекенге газ жеткіземіз. Ол шамамен 45 мың жаңа абонент болады. Жалпы айтсақ, осы жыл бізге өте бір нәтижелі жыл болды.
Сала мамандары жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік ережелеріне ерекше мән беруге шақырады. Газ жабдықтарының дұрыс жұмыс істеуі мен оны пайдаланудың қағидаларын сақтау маңызды екенін айтады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.