«Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгереді

Келер жылы «Наурыз» ипотекалық бағдарламасының шарттары өзгереді.

Енді депозитте көбірек ақша болуы тиіс. Ең төменгі жинақ сомасы 2 миллион теңге. Бұл туралы Отбасы банкінің төрағасы Ләззат Ибрагимова мәлімдеді. Сондай-ақ жаңа ережеге сәйкес, бастапқы жарна 20 пайыздан 10 пайызға төмендетіледі. Бірақ ол тек жөндеу жұмыстарын қажет етпейтін, таза әрлеудегі пәтерлерге ғана есептеледі. Айта кету керек, қазір бағдарламаға қатысушылардың депозиттерінде 1 миллион теңге болуы шарт. Конкурс жеңімпазы атанған салымшы, қысқа мерзімде, тұрғын үй құнының 20 пайызын салуы тиіс. Бірақ бүгінде қарастырылып отырған 2,5 мың өтінімнің 39 пайызы ғана осы талаптарға сәйкес келеді екен.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Егер азаматтар облыс орталығындағы 10 миллион теңгенің пәтерін қарастырса, онда қазір 20 пайыз бастапқы жарнасын енгізуі керек. Қазір біз салымшыларға тиімді ұсыныс жасағымыз келіп отыр. Себебі бағдарламаға қатысқысы келетін азаматтардың саны артып, 64 мыңға жетті. Негізі «Наурыз» бағдарламасы маусым айында іске қосылды. Бірақ тек қазір ғана салымшылар бағдарламаның уақытын узартуды сұрап отыр. Сондықтан келер жылы оның шарттары өзгереді.

Қазір «Отбасы банкінде» Наурыздан бөлек Отау бағдарламасы да жұмыс істеп тұр. Биылдың өзінде 25 мыңнан астам жанұя өзінің баспанасына ипотека арқылы қол жеткізді.