Елімізде жыл сайын есірткімен ұсталған мыңға жуық азамат сотталады

Қорқынышты статистика: Елде соңғы 5 жылда есірткі қылмысына қатысы бар 5 мыңнан астам азамат сотталған.

Яғни жыл сайын орта есеппен мыңға жуық адам бас бостандығынан айырылады. Бұл тек нашаны сақтағандарға қатысты дерек.

Елде есірткіге еліткендер саны азаймай тұр. Қазақстанда осыған қатысты жыл басынан бері 7 мың 500-ден астам құқық бұзушылық тіркелген. Арасында есірткіні сақтаудың 430, оны жарнамалаудың 350 және қолдан өсіру бойынша 300-ге жуық дерек бар. Және нашаны шетелден Қазақстанға контрабанда арқылы кіргізбек болған 240 оқиғаның жолы кесілген. 

Гүлмира Жылқыбаева, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің Аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:

- Есірткі бизнесіне қарсы күресте ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтауға және таратып жоюға үлкен назар аударылады. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың 8 жетекшісі және 46 белсенді мүшесі ұсталды. Жыл басынан бері 18 тоннадан астам есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 470 келі синтетикалық есірткі болса, 7 тоннадан астам марихуана және жарты тоннаға жуық гашиш тәркіленді.    

Астананың өзінде 11 айда 400-ден астам қылмыстық іс қозғалған. Оның 300-ге жуығы есірткі саудасымен тікелей байланысты. Сондай-ақ, құзырлы органдар заңсыз айналымнан салмағы 339 келі болатын түрлі синтетикалық және психотроптық заттарды тәркілеген. Одан бөлек 224 сайт пен телеграм чат бұғатталды.           

Астанада жыл басынан бері

407  қылмыстық іс

285  есірткі саудасы

339 келі есірткі заты

224 сайт

Әлия Қибатқызы, Астана қаласы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:

- Қазіргі таңда каннабистік-апиын тектес есірткі заттарына сұраныстың азаюына байланысты синтетикалық есірткі заттарын тарату соған қатысты жұмысты жарнамалауға әсіресе жастарды баулиды. Ол 16-25 жас аралығындағы жастар, жасөспірімдер дейміз оларға телефондарына немесе әртүрлі мессенджерлерден хабарлама келіп, жұмысқа шақырады.  

Жасөспірім балаларыңызға көбірек назар аударыңыздар. Егер балаңыздың көзі қызарып, мінезі агрессивті болып өзгеріп, салмағы азайып, жеке заттарының ішінде таразы, скоч, фольга, изолента деген заттар байқап қалсаңыз балаңыз есірткі жасырушы болып, ақша тауып жүрі мүмкін.  

Елде есірткімен ұсталғандарға заң қатал. Яғни синтетикалық және психотроптық заттардың көлемі мен салмағына байланысты 10-нан 20-жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Дегенмен, жастар арасында заңға бағынбау жиі белең алып барады. 

Мерей Қанапия, Мерей Талап