Енді тұрғын үй құрылысының үлестік шарттары міндетті есепке алынуы мүмкін
Бұдан былай тұрғын үй құрылысындағы үлескерлік қатысу шарттары міндетті есепке алынуы мүмкін. Бүгін Мәжілісте осындай ұсыныс енгізілді, деп хабарлайды 24kz.
Осылайша, бір пәтерге құжат бойынша бірнеше азаматтың иелік етуіне жол берілмейді. Депутат Самат Мұсабаевтың айтуынша, «Қазреестр» бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы іске асырылатын бұл механизм бір баспананы бірнеше адамға сатудың жолын кеспек. Сонымен бірге жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз немесе тұрғын үй құрылысы бірыңғай операторының кепілдігінсіз салынып жатқан тұрғын үйлер жарнамасына тыйым салынады. Ал жауапсыз құрылысшыларға жаза қатаңдатылады. Мәселен, үлескерлердің қаржысын рұқсатсыз тартқаны үшін құрылыс компанияларына 7 млн теңге айыппұл салыну ұсынылып отыр.
Айта кетейік, кеше осы мәселе Үкімет отырысында қаралған еді. Премьер-министр салымшылар қаржысын тарту процесін қатаң қадағалауды тапсырды. Яғни, Үкімет үлескерлердің мүддесін қорғай отырып, тұрғын үй саласындағы заңсыздықтарға тоқтау салуды көздеп отыр.