Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілді
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылорда облысында бірқатар әлеуметтік нысан ашылды, деп хабарлайды 24kz.
Мәселен, Қармақшы ауданында тұтас тұрғын үй алабы пайдалануға беріліп, «Руханият» заманауи рухани даму орталығы ашылды.
Жосалы кентінде дуплекс типті 53 үй салынды. Тұрғын үй халықтың әлеуметтік осал топтары санатындағы кезекте тұрған 106 адамға арналған. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа қоныс иелерін құттықтап, өңірдің осы саладағы басты жетістіктері туралы айтып берді.
Нұрлыбек Нәлібаев, Қызылорда облысының әкімі:
- Жалпы биыл өңірде құрылыс саласының өзінде 193 млрд-тың жобалары жүзеге асып жатыр. Оның 128 млрд-ы ол – мемлекеттік жобалар. Біз соңғы 2 жылда 4 мыңнан астам отбасына жаңа пәтер кілттерін табыстадық. Оның ішінде 17 мыңнан астам жерлестеріміз қазір бақытты өмір сүріп жатыр. Биылды өзінде 2500 пәтер табыстап жатырмыз.
Жаңа баспанаға Жаңагүл Испанова да қол жеткізді. Қызын жалғыз тәрбиелеп отырған ана қуанышын жасыра алмады.
Жаңагүл Испанова, Жосалы кентінің тұрғыны:
- 10 жыл толып қалды үй кезегіде тұрғаныма. Бүгін қуанып тұрмын. Қызым екеуміз кешеден бері қобалжып, естігеннен бері. Ең бақытты күніміз.
Қызылорда облысында биыл «Руханият жылы» деп жарияланды. Оның аясында Жосалы кентінде өңірдегі алғашқы «Руханият» орталығы ашылды.
Мира Қазбекова, облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы:
- Оның ішінде музей, кітапхана және архив – үш үлкен сала. Сонымен бірге барлық аудандарда осы «Руханият» орталықтарының құрамында неке қию залдары бар.
Жыл соңына дейін «Руханият» орталықтары облыстың барлық аудандарында жұмыс істей бастайды.
Авторлары: Достық Талғатұлы, Нұржан Мұзарапшин