Жүнді бағыттағы малды өсіруге ынталандыру үшін субсидия беру керек – кәсіпкерлер

Әр қазақстандыққа бір қойдан келеді. Бүгінде елде 20 млн Шопан ата түлігі бар. «Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген қазақ қойдың тұяғынан бастап жүніне дейін кәдеге жаратқан.

Алайда қазір осы қой жүні керексіз болып қалды. Шаруалар қора-қопсыға жылдар бойы жинаған жүнін сай-салаға апарып төгіп, өртеуге мәжбүр. Мәселен былтыр елде 42 мың тонна жүн қырқылған. Алайда оның 26 мың тоннасы қоқысқа тасталған.

Зерттеу барысында түсінгеніміз, өндірістік цикл үзілген. Яғни, шикізаттан бастап дайын өнімге дейінгі процесті қайта құру қажет. Мәселен, кәсіпорындар сапалы шикізатқа, биязы жүнге зәру. Ал шаруаларда кәсіпорынға қажет биязы жүнді беретін қой жоқ. Көбісі қылшық жүнді қой.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елде жүн өңдейтін 13 кәсіпорын бар. Алайда 9 зауыттың құрал-жабдығы әбден ескірген, жаңғырту қажет. Бұл кәсіпорындар толық жұмыс істеп тұрған жоқ. Өндірістік қуатының 26%-і ғана еңсеріп отыр. Яғни, жылына 36 мың тонна жүн өңдеуге қауқарлы. Былтыр елде 42 мың тоннаға жуық жүн өндірілді. Бірақ мұның 26,5 мың тоннасы, яғни 63%-і кәдеге жарамай, қоқысқа тасталды. Тек 7 мың тоннадан астамы ғана қайта өңделіп, 8 мың тоннаға жуық өнім экспортқа шығарылды.

Жүн өңдеу саласындағы кәсіпкерлердің айтуынша, жүннің сапасы төмен. Және биязы жүнмен қатар түйе жүнін табу қиын. Себебі сұраныс аз болғандықтан, мал баққан ағайын етті-сүтті бағыттағы түлікті өсіруге тырысады. «Ал жүнді бағыттағы малды өсіруге ынталандыру үшін субсидия беру керек», - дейді кәсіпкер Әлімжан Қапанұлы.

Әлімжан Қапанұлы, кәсіпкер:

- Жүнге деген қызығушылықты туғызу үшін мына мал ұстап отырған малшыларға жүніңізді өткізсеңіздер, сіздерге мынадай дегендей субсидияның көлемін беру керек. Бір түйеден 3,5-5,5 келіге дейін жүн шығады. Оған қазір ешкім бұрынғы замандағыдай емес, ұмтылғысы келмейді. Сатқанда да бағасы да мардымды емес, шаруасы да кішкене қиындау. Егер соны қызықтырса, малшыларды субсидиялау керек, сол кезде кішкене мәселе басқа болар еді.

«Яғни, түйені де, қойды да қырқу оңай емес», - дейді кәсіпкер. Малды қырқу үшін кісі жалдау керек. Ал жүннен түскен табыс жұмысшының жалақысын жаппайды. Қазір бір келі түйе жүнінің нарықтағы құны – 2500 теңге. Қойдың биязы жүнінің бір келісі 350 теңгеге дейін бағаланады. Ал жартылай биязы жүн шамамен 150-200 теңгенің маңайында. Жүн өңдеу кәсіпорындары шикізатты барлық көздерден қабылдайды. Дегенмен кәсіпорындар дайындаған өнімге нарықта сұраныс аз. «Мәселен, біз шығаратын жамылғы күнде ала беретін дүние емес», - дейді Әлімжан Қапанұлы. Сондықтан мемлекет тарапынан тұрақты тапсырыс қажет.

Әлімжан Қапанұлы, кәсіпкер:

- Мемлекеттік тапсырыс болмай біз өзімізді өзіміз ақтай алмаймыз. Неге десеңіз, ол үлкен шаруа. Қыруар қаржыны қажет ететін шаруа. Қорғаныс министрлігі бар біздің жамылғыға тапсырыс бере алатын. «Қазақстан теміржолы» бар, Денсаулық министрлігі бар, Білім министрлігі бар, бәріне де біздің өнімді алуға мүмкіндігі бар, бірақ олардың айтуына келсек, олар: «тендер» дейді. Тендерді білесіз ғой, енді қалай түсетінін, біреу ұтып алады, біздің бағадан төмен түседі. Біздің енді бір шектеулі бағамыз бар, одан түсе алмаймыз.

Әрине, Үкімет тарапынан саланың тамырына қан жүгірту мақсатында арнайы бағдарламалар қолға алынды. Мәселен, қазір инвестиция тарту бойынша жұмыс жанданды. Былтырдан бастап инвестордың жобаны жүзеге асыруға жұмсаған шығынының 25%-і субсидияланады. Сондай-ақ жұмыс істеп тұрған қайта өңдеу кәсіпорындарын жүктеу бойынша 2028 жылға дейінгі индикаторлар әзірленіп жатыр. Аталған іс-шаралар шикізаттан бастап, дайын өнімге дейінгі циклды қайта құруды көздейді. Мұның ішінде қаржылық қолдау, шикізатпен қамтамасыз ету тетіктері қарастырылып отыр.

Шаймерден ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Кәсіпорындардың проблемасы болатын, ол айналым қаражатының тапшылығы. Әдеттегі жолмен, бұрынғы жолмен, қолжетімді жолмен барып, банктерден алып жатса, өте қымбатқа түсетін, шамасы келмейтін, енді өнімнің құнын қымбаттатып жібереді ғой. Қазір енді инвестициялық бағытқа арзан несие алуға болады. Айналым қаражатқа арзан несие алуға болады. Оған қоса, теріге қатысты механизмді, фермерлерге бөлінетін субсидияны осы жүнді тапсырғанға да қарастырып жатырмыз.

Жүнді жеңіл өнеркәсіптен басқа салада пайдалану қарастырылып жатыр. Мәселен, жылыжай шаруашылығында кеңінен қолдануға болады. Қазір ел ғалымдары тиісті зерттеулер жүргізу үстінде. Яғни жылыжайға өте қажет гидропоника материалы ретінде төсеуге болады. Осылайша, министрлік шетелден тасымалданып отырған материалды келешекте жүнмен алмастырмақ. Сонымен қатар жүнді құрылыста да кәдеге жарататын күн жақын.

Шаймерден Ахметов, ҚР АШМ Аграрлық нарықтар және қайта өңдеу департаменті директорының орынбасары:

- Ақтөбеде қазір бір жоба іске асырылып жатыр, құрылыс сатысында. Келесі жылы іске қосылады деп отырмыз. Ол сол дөрекі жүндердің барлығын, қылшықты жүндердің барлығын жинап алып, солардан құрылыста пайдаланылатын оқшаулағыш материалдарды жасайтын болып отыр.

Химиялық жолмен алынған өнімге қарағанда табиғи жүннен жасалған қаптама жылуды жақсы ұстайтыны белгілі. Аталған зауыт жылына 2 мың тоннадан астам жүнді өңдемек.