Елімізде үлестік құрылысқа қатысу талаптары өзгереді

Елде құрылыс компаниялары үлескерлердің ақшасын әкімдіктен арнайы рұқсат алғаннан кейін ғана пайдалана алады.

Сондай-ақ мердігер тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың Бірыңғай ақпараттық жүйесінде міндетті түрде тіркелуі тиіс. Жазбаша және электронды түрде үлестік қатысу шарттарын жасасу көптеген тәуекелдің алдын алады. Саладағы олқылықтарды реттейтін заң жобасы бүгін Мәжілісте талқыланып, бірінші оқылымда мақұлданды.

Рухани Әбдірахман, тілші:

- Қазір елде үлестік құрылыс бойынша 586 нысан салынып жатса, соның 390-ы немесе 70%-ке жуығының қажетті құжаты жоқ. Прокуратура деректеріне сүйенсек, тек елордада 37 көппәтерлі үй заңсыз салынуда. Оның 6 мыңнан астам салымшысы бар. Сәйкес құжаттың болмауынан тұрғын үйдің сапасы мен мезімге сай тапсырылауына еш кепіл жоқ. Себебі, нарықта үлескерлердің ақшасын заңсыз тартып, істі аяғына жеткізбей немесе тіпті ізін суытатын жосықсыз компаниялар тайраңдап жүр.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Жалпы 64 құрылыс нысаны бойынша 51 құрылыс салушы жауапкершілікке тартылған. Құрылыс салушыларға қатысты 16 қылмыстық іс тергелуде. 12 адам қамауда. 7 млрд теңгедей аяқталмаған құрылыстардан өндіріп алу туралы 8 сот шешімі шыққан. Аталған жайттар бұл салаға қажетті көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Үлестік қатысудағы алаяқтан қорғау үшін министрлік қандай шаралар қолданады?

Қуандық Қажкенов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі:

- Бүкіл объектілер бойынша енді өзіңіз білетіндей тиісті инвесторларды тартып оларды жабуға тырысып жатырмыз. Ондай объектілер бізде Ақтөбе облысында болды ол негізі заңсыз салынған. 9 этаждың орнына 10 этаж салып қойған. Бұл жұмыстар біздің министрліктің қадағалауында.

Заң тетіктері жетілдіріледі. Үлестік қатысу шарттарын жергілікті атқарушы органда Бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы есепке алу міндетті болады. Онсыз үлескерлердің қаражатын тартуға, бірыңғай оператордың кепілдігінсіз құрылыс жайында жарнамалауға да тыйым салынады. Алдын ала шарт, брондау, инвестициялау шарттарын жасасуға да жол берілмейді.

Ерлан Әбдиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бірінші үлестік шарттарды электронды нысанда жасасуға мүмкіндік беріп жатырмыз. Екінші, дәл сол үлестік шарттар қазір міндетті түрде әкімшіліктерде есепке алуынуы керек болады. Ол арқылы біз екі рет сатылатын пәтерлерді алдын аламыз.

Үлескерлер ақшасын заңсыз иемденгендер 7 млн теңгеден астам айыппұл төлейді. Құрылысты бастауға рұқсат алмастан, алдын ала жарнамаласа, 3 жарым млн-нан жоғары әкімшілік жаза арқалайды. Сонымен қатар құрылыс нысанын салушылар үшін кейбір талаптар жеңілдейді. Мысалы ортаңқол мердігерлер үлестік қатысу нарығына кедергісіз кіреді. Бұған дейін олардан салған шаршы метрінің белгілі көлемі талап етілген болса, бұл меже қысқарады. Салада 3 жылдың орнына 2 жыл қызмет етсе жеткілікті. Ал, талаптардың жеңілдеуі құрылыс сапасына қалай әсер етеді?

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұл шаралар тұрғын үй сапасының төмендеп, жосықсыз құрылыс компанияларының жаңа легі туындауына әкеп соқпай ма? Азаматтарымыздың қауіпсіздігі мен тұрғын үйдің сапасы тұрғысында бұл мәселе аса өзекті.

Алтай Күздібаев, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл ретте айта кетерлігі, біріншіден, компанияның қаржылық тұрақтылығына қатысты талаптар сол күйінде қалады. Екіншіден, үлестік қатысудың барлық жобаларында тәуелсіз инжиниринг компаниясының болуы қажет деген міндетті талап бекітіледі. Ол сәйкесінше, қаржының мақсатты жұмсалуы мен құрылыстың,, сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттамада көрсетілген технология бойынша жүруін қадағалайды.

Көбіне заң талаптарынан бейхабар азаматтар сан соғып қалып жатады. Қателіктің алдын алу үшін Бірыңғай қолдау орталығын құру ұсынылды. Онлайн байланыс арқылы үлестік тұрғын үй ережелері бойынша жан-жақты кеңес алуға мүмкіндік туады. Жаңа заңды әзірлеуші топ үлескер тарту жауапты іс екенін айтып, тараптар арасында темірдей тәртіп орнатудың арқасында нарықта сапалы құрылысшылар артады деген үмітте.

Авторлары: Рухани Әбдірахман, Мерей Талап