Алматыда 23 тұрғын үй құрылысы күмәнді нысандар тізімінде
Алматыда 900-ге жуық құрылыс нысаны салынуда, деп хабарлайды 24kz.
Дегенмен, жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешенінен пәтер сатып алмас бұрын заңдылық пен қаржылық қауіпсіздік қағидаларын естен шығармау керек. Құрылысы күмәнді нысандар тізімінде 23 тұрғын үй кешені бар. Олардың құрылысы әлі басталған жоқ, кейбірі заңбұзушылықпен жүргізіліп келеді. Әдетте үй салушы компаниялар кешенді үлескерлер қаржысына салады. Қазір мегаполисте 44 мыңнан астам үлестік қатысу шарты тіркелген. Үлестік құрылысқа қатыспас бұрын нені білу шарт?
Алматыда былтырдан бері 50-ден астам заңсыз салынған құрылыс бұзылған. Олардың ішінде Ерменсай шағынауданындағы «Монблан» тұрғын үй кешені де бар. Бұл элиталық кешен рұқсатсыз салынғандықтан, сот шешімімен тоқтатылды. Әрине, кешеннің қаңқасы тұрғызыла сала, пәтер алу үшін көпшілігі үлескер ретінде қатысады. Себебі, дайын пәтерге қарағанда айтарлықтай арзан. Амалын тауып, іргетасы қаланған кезде келісімшарт рәсімдейтіндер де бар. «Ондай кезде түрлі тәуекелге дайын болу керек», - дейді мамандар.
Нина Лукьяненко, Қазақстан Риелторлары қауымдастығы президентінің кеңесшісі:
- Жылжымайтын мүліктен кез келген нысанды сатып алған кезде тәуекел болады. Құрылыс компаниясының нысанды аяқтап береміз деген уәдесі орындала ма? Міне, соған көз жеткізіп барып келісім жасау керек. Жалпы нарықта түрлі келісімшарттар ұсынылады. Мысалы инвестициялық келісімдер бар. Сондықтан үлестік қатысудан басқа келісімге отырған жағдайда ақшаны төлейтін адам тәуекелге барады.
Үлескерлік құрылыс жүргізетін компанияларға қатаң талап қойылады. Ең алдымен құрылыс салушыда жерге иелік ететін заңды құжаттары болу шарт. Компания құжаттарды әкімдікке электронды түрде жолдайды. Барлық құжаттар дұрыс болса, оларға рұқсат беріледі және акционерлерден ақша тарта алады. Бұл нысандардың барлығы инвестицияларды қорғауды қамтамасыз ететін «Қазреестр» жүйесінде тіркеледі.
Төлеуқан Исмайылов, қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы басшысының орынбасары:
- Екіншісі банктің кепілдігімен. Банк арқылы. Сосын способом возведения каркаса. Алдымен каркасын тұрғызады. Қаңқасын тұрғызғаннан кейін бізге рұқсат алуға мүмкіншілігі бар.
Тұрғын үй порталында үлестік құрылысқа рұқсаты бар 345 тұрғын үй кешенінің тізімі берілген. Бұл бүкіл мегаполисте салынып жатқан немесе пайдалануға берілген нысандар. Порталда күмәнді компаниялар туралы ақпарат та жарияланған. Бұл тізімде 25 компания мен 23 тұрғын үй кешені бар.
Авторлары: А.Садуақас. К.Амраев, М.Құдықбаев