Өскеменде үлескерлер мәселесі бойынша комиссия құрылды
Өскеменде үлескерлер мәселесі бойынша ведмоствоаралық комиссия құрылып, тұрғындардың шағымын қарап жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Қазір облыста бірнеше тұрғын үйдің құрылысына қатысты проблема бар. Үлескерлердің қатысуымен салынған 1 үй жақында тапсырылып, ұзақ күткен жұрт пәтер кілтін алды. Онда да құрылысты аяқтауға мемлекет тарапынан көмек көрсетілді. Мамандардың айтуынша, халық жекеменшік құрылыс компанияларының жарнамасына алданып, сан соғып жатады.
Өскеменде жекеменшік санаттағы көпқабатты 62 үй салынып жатыр. Соның ішінде 2 тұрғын үй кешеніне қатысты мәселе күрделі. Үлескерлердің қатысуымен басталған құрылыс созылып кеткен. Мамандардың айтуынша, көп кәсіпкер мемлекетік сараптама қорытындысын күтпей, тіпті үлескердің қаражатын тартуға арнайы рұқсат алмастан құрылысты бастап кетеді. Ал қаржылай тығырыққа тірелген кезде салымшылар сан соғып қалады.
Эльмира Ахметова, тілші:
- Өскеменде 200-ге жуық үлескер өздері таңдаған баспана құрылысының аяқталуын күтіп жүр. Олар жалпы 3 млрд теңгеге жуық алдын ала салым салған. Мінекей, мына он қабатты үй 3 жыл дегенде мемлекеттің көмегімен әрең салынып бітті.Үміті үзіле бастаған тұрғындар пәтерлерінің кілтін алып, қуанышқа кенелді.
Бірақ бұл үйден пәтер кілтін алу тұрғындарға оңайға соқпады. Нысан жекеменшік компания мен Ертіс әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының бірлескен жобасы еді. Бірақ құрылыс компаниясы жауапсыз болып шықты. Тұрғындардан салым жинап, соңында ақшалай тығырыққа тіреліп, межеленген мерзімнен кешігеді. Абырой болғанда, мемлекеттік ұйым қолдау көрсетті. 51 адамның көбі ақшасын қайтарып алса, біразы пәтерге қол жеткізді.
Инабат Қайсанова, «Ертіс» ӘКК ресми өкілі:
- Елу бір адамнан 40 үлескер қаражатын қайтарып алды, оларға 500 млн теңге астам қаражат қайтарылып отырдық, өздерінің жеке шоттарына екеуара келісімшарт негізінде қаражаттарын жіберіп отырдық. Қалған он шақты адам онтариалдық келісімшарт негізінде келісімшарт жасасып, сатып алу келісімшарты негізінде өздерінің пәтерлерін алып жатыр.
Пәтер кілтін алғандардың бірі – Нұрлана Әлімбаева. Келіншек осыдан үш жыл бұрын 22 млн теңгеге ипотека рәсімдепті. Содан отбасымен бірге тар үйде тұрып, бостан бос несие төлеп келді. Екі жыл бұрын кіру керек баспанасына енді ғана қол жеткізді.
Нұрлана Әлімбаева, үлескер:
- Құжат бойынша енді біздің үйіміз бар. Қазір енді міне, қандай ремонт жасаймыз, қай жерін қалай істейміз, үйіміз еркін планировкада ғой, сондықтан қалай бөлеміз деген өте көп мәселелерді араласып, ойымыз бөлініп, сөйтіп жатырмыз.
Ал, Елжан Мұсабеков салған 16 млн теңгесін қайтарып алып алды. Айтуынша, соңғы жылдары бұл қаражаттан күдер үзе бастапты. Төрт баласымен пәтер жалдап тұрған ол үнемдеймін деп сан соғып қала жаздағанын жасырмайды.
Елжан Мұсабеков, үлескер:
- Сабақ алдық, енді осындайға үлескер болмаймын ешқашан немесе күтіп ввод эксплуатация шыққан кезде құжаты дайын болған кезде салған дұрыс қой.
Дегенмен, сабақ алмай,сауатсыздық танытып не ақшасын не үйін ала алмай жүргендер жетерлік. Сол үшін өңірде ведомстоваралық комиссия құрылды.
Дидар Кеңесбаев, ШҚО құрылыс басқармасының басшысы:
- Бұл комиссияның құрылғанынан көп болған жоқ. Үлескерлерден шағым жиі түседі. Басым бөлігі сауатсыздықтан сан соғып жүр. Құрылысты салушыдан «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» тарапынан кепілдік бар ма, жоқ па алдымен соны білуі керек. Алайда оған ешкім мән бермейді. Дегенмен, біз әр жағдайды әртүрлі қарап шағымданушыларға көмектесуге тырысамыз.
Комисссия жекеменшік құрылыс нысандары бойынша да мәселелерді қарастыруға ниетті.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин