Жамбыл облысында 5,2 млрд теңгенің заңсыз тауары тәркіленді

Жамбыл облысында жыл басынан бері ел аумағына заңсыз жеткізілген 5,2 миллиард теңгенің тауары тәркіленді, деп хабарлайды 24KZ. Экономикалық тергеп-тексеру департаменті шекара асқан заттың басым көпшілігі спирттік және табак өнімі екенін, көбінде Қырғызстаннан келетінін айтады.

Жалпы 11 айда 6 миллион 800 мың қорап темекі, 1880 литр спирт пен 600 шөлмек контрафактілік арақ анықталып жойылған. Ал шетел тауарын елге акциздік маркасыз кіргізбек болғандарға қатысты 22 қылмыстық іс қозғалған.

Жағыпар Исатаев, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің тергеушісі:

- Бұл санаттағы қылмыстық істер ауыр емес қылмыс санатына жатады. Сондықтан соттың үкімімен кеденде ұсталған тауар мен автокөлік тәркіленіп, кінәлі тұлғаларға миллиондаған айыппұл салынады. Онымен қоса Қылмыстық кодекстің 214-бабына сай 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.