Қандыағашта жүздеген бала күтіп жүрген мектеп құрылысы бітер емес

Қандыағаш қаласында 2021 жылы басталған мектеп құрылысы тоқтап тұр, деп хабарлайды 24KZ. Жоспар бойынша нысан 2 жылда салынып бітуге тиіс еді. Бірақ жаңа мектепте оқимыз деген оқушылардың арманы орындалмады. Енді уақыт өткен сайын құрылыс материалдары қымбаттап, жоба құны да шарықтап барады. Сөйтіп, жүздеген бала күтіп жүрген мектеп қашан ашылады?

Таңғы сағат онға таяп қалды. Ал құрылыс алаңында қыбырлаған жан баласы жоқ. 2021 жылы салынып басталған ғимараттың әлі күнге дейін тіпті қабырғалары да қаланып бітпеген.

Алайда мердігер қасбетіндегі терезелерге әйнек орнатып қойыпты. Тұрғындардың айтуынша, құрылыстың осылай тұрғанына бірнеше айдың жүзі болған.

Манар Аманқұлова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Былтыр, міне, тек терезелерін қондырды. Бірақ арғы жағының барлығы бос болып тұр. Білмеймін қалай салынып жатқанын. Ештеңе жоқ анау жерде, қарап тұрсаңыздар. Тек бір кран жұмыс істеп жатқан. Бір-екі адам жүреді. Басқа ештеңе көргеніміз жоқ.

Жаңадан салынып жатқан Самал, Болашақ және Нұрлыкөш шағынаудандарында мектеп жоқ. Мыңға жуық оқушы қаланың басқа бөлігіндегі мектептерге қатынап оқиды. Бүлдіршіндер күз бен көктемде балшық, қыстың боранында қар кешуге мәжбүр.

Жанар Жолмағамбетова, Қандыағаш қаласының тұрғыны:

- Айналып-айналып, балалардың өздері де қарап қояды. Менің балам 7 оқиды. Ортаншым. Одан кейінгі 6 оқиды. Кейде айтып қояды: «Анашым, мына мектебіміз қашан ашылады екен? Ашылса жақсы болар еді», – деп. Балаларға жағдай жасалса дейміз. Ішінде спорттық шаралар ашылса. Балаларымызды бергіміз келеді. Қиын негізі мектепке қатынау.

Қазір Қандыағаш қаласында 5 мектеп бар. Барлығында да бала саны шамадан артық. Жергілікті әкімдік өкілдері білім ордаларында 1700 оқушыға орын тапшы екендігін айтады.

Бахраман Аманжол, Мұғалжар аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Егер де Самал мөлтекауданындағы жаңа мектептің құрылысы аяқталып, мектеп пайдалануға берілген жағдайда Самал мөлтекауданындағы, Нұрлыкөш және Болашақ мөлтекаудандарындағы 868 оқушы осы жаңа мектептің ғимаратына тартылатын болады. Қазіргі уақытта осы мөлтекаудандағы жоғарыда айтқан оқушылардың барлығы 6 автобус арқылы тасымалданып отыр.

Мыңға жуық баланың асыға күткен мектеп құрылысы биыл да бітпейтін сыңайлы. Бастапқыда 1 млрд 700 млн теңгеге бағаланған нысан құны материалдардың қымбаттауына байланысты 2 млрд 500 млн теңгеден бір-ақ шыққан. Тапсырыс беруші – облыстық құрылыс басқармасы өкілдері: Ттиісті қаражат дер кезінде бөлінді», – дейді. Алайда мердігер міндетін орындамаған.

Аслан Жарасбаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазір мына сәулет-құрылыс бақылау басқармасының тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сол тексерістің қорытындысынан кейін біздер осы заңға сәйкес өзіміздің міндеттемелерді орындамаған үшін хабарламалар беріп, одан әрі сотқа арызданамыз.

Мердігер мекеме өкілдерімен байланысу мүмкін болмады. Құрылыс басында төбе көрсетпеген компания басшысы қоңырауымызға да жауап бермеді. Қандыағаш қаласының Самал ауданының балалары болса «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан басқа мектептен орын табылар» деп үміттенеді. Жоспарға сәйкес бұл ғимарат алдағы жылдың қыркүйегіне дейін қолданысқа берілуі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.