Энергетикалық инфрақұрылым: тұрақтылық және жасыл технологияларға көшу
Биыл энергетикалық инфрақұрылымды жаңғыртуға және жаңартылатын энергия көздерін дамытуға бағытталған бірқатар маңызды қадамдар жасалды.
«Жылу-электр энергетикасын дамыту» бағдарламасы шеңберінде 14 жобаны іске асыруға, оның ішінде, жылумен қамту және электрмен жабдықтау нысандарын реконструкциялауға республикалық бюджеттен 52,7 млрд теңге бөлінді. Орал қаласында қосалқы 2 станция пайдалануға берілді, бұл өңірді энергиямен қамту сенімділігін едәуір арттырды. Сондай-ақ қайтарымды инвестициялар лимиті ұлғайтылды, бұл энергетикалық жабдықтарды жаңғырту бойынша жобалар пулын кеңейтуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар жылу жүйесінің тиімділігін арттыруға және халыққа қызмет көрсету сапасын жақсартуға бағытталған «Жылу энергетикасы туралы» Заң қабылданды. Жалпы жылу және электр энергетикасы саласында биыл жаңғырту мен күрделі жөндеу жұмыстарына 327 млрд теңгеден астам қаржы жоспарланған. Қазақстан Сауд Арабиясы, Қытай және Ресей сияқты шетелдік серіктестермен стратегиялық бірнеше келісімге қол қойды. Мысалы, наурыз айында Сауд Арабиясымен 1 ГВт жел электр стансасын іске асыру туралы келісімге қол қойылды, ал қарашада Қытаймен қуаты 1,8 ГВт жел және күн электр стансаларын салу келісілді.