Бас қаладағы шыршаның шамы жағылды

Астанада оң жағалаудағы ең үлкен шыршалардың біріндегі шам жағылды. 

Жаңа жылдың нышаны декоративті ұлпа қармен және өрнектермен, сондай-ақ сары-қызыл түстегі ойыншықтармен безендірілген. Ал шырша шамын жағу рәсіміне келген балақайлардың көңіл күйін аниматорлар көтерді. 

Енді «Қазақ елі» алаңының әсем аумағын осындай 25 метр болатын жарық шырша толықтырады. Оның шамын жағуға Жаңа жылдың бас кейіпкерлері саналатын Аяз ата мен Ақшақар атсалысты. Ал шараға қатысқандардың көңілін аниматорлар көтеріп жүрді.

Жуырда ғана құрылған Сарайшық ауданының әкімдігі бұл рәсімді ертегідей ұйымдастырған. Шырша маңында қала тұрғындары мен қонақтарының сырғанауы үшін бірнеше аумақ белгіленген. Сондай-ақ мұнда естелік сурет жасауға бірнеше фото-зона құрылып тұр.

Шұғыла Құдайберген, Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары:

- Астана қаласында 6-шы аудан ашылды. Осы аудандағы міне, «Қазақ елі» алаңында осындай үлкен өзіндік мұз айдыны алаңы ашылды. Бірнеше күн бұрын 2 мұз айдыны өзіндік жұмысын бастады. Бұл жерде 1500 адамды қабылдауға болады. Одан кейін міне, сырғанағымыз орналасқан. Жаңа жылдың нысанын көрсететін әртүрлі бейнелер бар. Күндіз болсын, кешке болсын, демалыс күндері болсын, балалар үшін сүйікті орынға айналған.

Жалпы кеше Бас қалада 30-дан астам мерекелік шыршаның шамын жағу рәсімі өтті. Оған 15 мыңнан астам адам қатысып, мерекелік көңіл күйді сезінді.

 

Авторлары: Альмира Оразбай Руслан Алиев